БІШКЕКТЕ СИРАЖУДДИН ӘЛ-ОШИГЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Бішкек қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы Мүфтилер алқасының VI мәжілісі аясында «Сиражуддин әл-Оши және оның ислам ғылымына қосқан үлесі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның діни басқарма төрағалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.

Конференция жұмысы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының батасымен ашылды. Сондай-ақ, Қырғызстанның Бас мүфтиі Абдулазиз қари Закиров конференция жұмысына сәттілік тілеп, Сиражуддин әл-Ошидің ислам ғылымындағы маңызына тоқталды.

Басқосу барысында ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр және ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, Ғұламалар кеңесінің мүшесі, PhD докторы Батыржан Мансұров баяндама жасап, ғалымның еңбектері мен ислам өркениетіне қосқан үлесі жан-жақты талқыланды.