Бас имам Үшқоңыр медресе колледж шәкірттерімен кездесті
Алматы облысының бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы Алматы облысында орналасқан КМДБ-ға қарасты Үшқоңыр медресе колледжіне зиярат етіп, шәкірттерімен кездесті.
Кездесу барысында бас имам ең алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жаңа оқу жылы қарсаңындағы құттықтау сәлемін жеткізіп, шәкірттерге сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасуларына тілектестік білдірді.
Сондай-ақ, шәкірттермен сұхбат жүргізіп, білім алу, еңбек ету, Ислам дінінің дамуына үлес қосу бағытында насихат, кеңестерін айтып, ислам дінінде ғылымның алатын орнын ерекше айтып өтті. Жиын соңында жаңадан қабылданған шәкірттерге сыйға кітап табыс етіп, батасын берді.
Сапар барысында бас имам медресенің оқу ғимараты мен материалдық-техникалық базасындағы күрделі ішкі және сыртқы жөндеулеріне куә болды. Атап айтқанда медресенің сырты, жатақханасы, сыныптары, коридорлары және т.б. бөлмелердің жөндеулерден өтіп, бүкіл стендтер жаңартылды. Жалпы демеушілердің көмегімен 5 миллионға жуық қаржы жұмсалды. Бұл жағдайлар шәкірттердің білім алу сапасын арттыруға оң ықпал ететінін бас имам атап өтті.