БАС МҮФТИ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚҰРАН БАЙҚАУЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ

Бүгін Талдықорған қаласында Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІV республикалық байқау басталды.

Игі іс-шараның ашылу рәсіміне қатысқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Расында бүгінгі Құран жарысы – Алланың сөзін республикалық әрі әлемдік деңгейде дәріптеудің тағы да бір жарқын көрінісі. Құран оқу – дертке шипа, жанға дауа. Адам баласы Құран оқу арқылы ерекше сезімге бөленеді. Алланың сөзін оқыған сайын ықыласың арта түседі.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендерің» деген. Бұл хадис – қарилардың мәртебесін айқындайтын кесімді өлшем. Аллаға шүкір, біз осымен он төртінші рет республикалық Құран жарысын өткізіп отырмыз. Мақсатымыз – бабалар ізін жалғап, Құран құндылықтарын дәріптеу, қасиетті кітабымызға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру, қариларымыздың қатарын арттыру», – деді.

Айта кетсек, байқауға қатысушылар Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа және мәнерлеп оқу номинациялары бойынша бақ сынауда. Биылғы байқауға 80 үміткер қатысып отыр.