
Алматыда «Өткенге құрмет – тіріге міндет» республикалық акциясы өтті
Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы ұйымдастырған «Өткенге құрмет – тіріге міндет» республикалық акциясы өтті.
Игі шараның мақсаты – зираттарды таза ұстау, өткенге құрмет көрсету арқылы қоғамда ізгілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
Акцияға орталық директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, өңірлік филиал қызметкерлері, Алматы қаласындағы мешіттердің имамдары мен қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер қатысты. Шараға қаланың сегіз аудандық әкімдігі мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары да қолдау білдірді.
Акция басталар алдында қатысушылар марқұмдардың рухына Құран бағыштап, дұға жасады.
Аталған акция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Шара қоғамда тазалық, құрмет және ұрпақтар сабақтастығы сынды құндылықтарды насихаттауға бағытталған.