Алматыда Qamqor-Sharapat салттық қызмет көрсету орталығының жаңа бөлімшесі ашылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдегі мұсылман қауымының сұранысына сай зират көтеру мен құдайы ас беру рәсімдерін шариғат пен дәстүр талаптарына сәйкес орындау мақсатында «Зират және зиарат ету мәдениеті» және «Ас беру мәдениеті» атты концептуалды құжаттар қабылдаған.

Аталған бағыттағы салттық қызметтерді ҚМДБ-ға қарасты Qamqor-Sharapat  салттық қызмет көрсету орталығы жүзеге асырады. Бүгінде орталықтың еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан мешіттердің жанында алпысқа жуық бөлімшесі жұмыс істейді.

 

Игі бастаманың жалғасы ретінде Алматы қаласының Алатау ауданындағы «Мырзахмет» мешітінің маңында орталықтың жаңа бөлімшесі ашылды.

Ашылу салтанатына ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Дәділұлы, орталықтың Алматы қалалық филиалының директоры Талғат Дайрабайұлы, «Мырзахмет» мешітінің бас имамы Мади Ахмедов, сондай-ақ қаланың барлық мешіттерінің бас имамдары қатысты.

Іс-шара соңында Мейрамбек Қабылбекұлы Алматы қаласы имамдарына орталықтың қызметі мен маңыздылығы туралы арнайы семинар өткізді.
Семинар барысында салттық қызмет көрсетудегі шариғи талаптар, марқұмға құрмет көрсету әдебі және ысырапшылдықтан сақтану жөнінде кеңінен түсіндірілді.