
БАС МҮФТИ ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІН ӨТКІЗДІ
Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Төралқа мәжілісі өтті.
Жиынға ҚМДБ Орталық аппаратының қызметкерлері мен облыс Бас имамдары қатысты.
Жиын барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазіргі ақпараттық ашық қоғам жағдайында дін қызметкерлерінің әрбір сөзі мен жария мәлімдемесі қоғам тарапынан кең талқыға түсіп отырғанын атап өтті. Осыған орай Бас мүфти уағыз-насихат пен медиа кеңістіктегі жарияланымдарда жауапкершілік пен салмақтылықты сақтау, ұлттық және діни құндылықтарды үйлесімді түрде жеткізу қажеттігін айтты.
Мәжілісте бірқатар бөлім басшылары да баяндама жасады. ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы уағыз айту мәдениеті мен насихат жүргізудің талаптары жөнінде баяндады. ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Абдуллаұлы мешіттерге атау беру мәселесіне қатысты ұсыныстар мен негіздемелерді таныстырды. Ал ҚМДБ Іс басқарушысы Қанат Дәуренбеков төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік шаралары жөнінде есеп берді.