БАС МҮФТИ ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА РУХАНИ МӘУЛІТ КЕШІНЕ ҚАТЫСТЫ

Бүгін Алматы облысы, Қонаев қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Пайғамбар өнегесі – отбасы құндылығы» тақырыбында рухани мәуліт кеші өтті.

Игі шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жиналған жамағатқа Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі мен отбасылық тәлім-тәрбиесі жөнінде насихат айтты.

Бас мүфти өз сөзінде: «Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көру – иманның кемелдігінің көрінісі. Пайғамбарымыздың отбасындағы өнегесі – бүгінгі қоғам үшін ең үлкен тәрбие мектебі. Ер мен әйел бір-бірін қадірлеп, өзара жауапкершілікті сезінгенде ғана берекелі шаңырақ қалыптасады.

Бүгінгі таңда қоғам үшін отбасы құндылықтарын сақтау аса маңызды. Осы мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды “Ислам және отбасы құндылығы” жылы деп жариялап, ел көлемінде кешенді жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Мешіттер жанынан ашылған отбасылық кеңес беру орталықтары көптеген шаңырақтың сақталуына себеп болып отыр. Бұл – Пайғамбар өнегесінің өміршеңдігін көрсететін нақты мысал.

Осындай рухани мәуліт кештері арқылы Пайғамбарға деген сүйіспеншілікті арттырып, ұрпақ санасына имандылық пен отбасы амандығының мәнін сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді.

Рухани кеш қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, мәуліт жырлары, театрландырылған көріністер қойылып, домбырамен күйлер орындалды. Кеш барысында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамгершілік қасиеттері мен отбасы институтының маңызы кеңінен насихатталды.