БАС МҮФТИ МҮФТИЯТ БАСПАСЫНАН ШЫҚҚАН БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҚИССАЛАР КІТАПТАРЫНЫҢ ТҰСАУЫН КЕСТІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ғұламалар кеңесінің 47 мәжілісінде «Мүфтият» баспасынан жарық көрген балаларға арналған жаңа кітаптар топтамасының тұсауын кесті.
Аталған еңбектер Қазақстан Республикасы Дін істері комитетінің дінтану сараптамасының оң қорытындысын алып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы тарапынан мақұлданған.
Топтамаға «Балаларға арналған пайғамбарлар қиссасы» кітабы және «Хадистер аясында қиссалар» атты 9 кітаптан тұратын серия енген. «Балаларға арналған пайғамбарлар қиссасы» кітабында Адам ата, Нұх, Мұса, Иса (ғ.с.) және өзге де пайғамбарлардың өнегелі өмірі балаларға түсінікті тілде баяндалады. Кітап жас оқырманды имандылыққа, адалдыққа, сабыр мен мейірімділікке баулиды.
Ал «Хадистер аясында қиссалар» сериясында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері негізінде жазылған тағылымды хикаялар қамтылған. Сериядағы әр кітапта Аллаға тәуекел, адалдық, қайырымдылық, әділдік, мейірім мен шынайы иман секілді асыл құндылықтар көркем тілмен жеткізілген.
Мәжіліс барысында Бас мүфти балаларға арналған рухани-ағартушылық әдебиеттің маңызын атап өтіп, өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесінде мұндай кітаптардың орны ерекше екенін айтты. Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы «Мүфтият» баспасы тарапынан алдағы уақытта да балалар мен жасөспірімдерге арналған мазмұнды еңбектер жарық көре беретінін жеткізді.
Айта кетейік, жаңа кітаптар түрлі түсті иллюстрациялармен безендіріліп, балалардың жас ерекшелігі мен танымына сай дайындалған.