Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының жиыны өтті

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының жанынан құрылған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының 2026 жылға арналған жоспарына сәйкес, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы тапсырмасымен Zoom платформасы арқылы республикалық жиын өтті. Онлайн басқосуға өңірлік уақып қорына жауапты өкілдер қатысты.

Жиналысты ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатай ашып, Бас мүфтидің сәлемін жеткізді. Ол алдағы кезеңде уақып саласын жүйелі дамыту, өңірлердегі жұмысты күшейту және бірізділікті сақтау қажеттігіне тоқталды.

Аталған жиынға «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікәрімұлы, қор қызметкерлері және өңірлік уақып өкілдері қатысты.

Басқосу барысында уақып саласында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты сараланып, 2026 жылға арналған нақты міндеттер мен басым бағыттар айқындалды. Атап айтқанда, уақып қасапханасы жобасын жүзеге асыру, уақып өнімдерін дамыту, уақыпнама табыстау рәсімдерін жүйелеу, сондай-ақ өңірлердегі жұмыс барысы мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар, уақып мүлкін тиімді басқару, айналымдағы уақып үлесін арттыру, уақып мәдениетін қоғам арасында кеңінен насихаттау және өңірлердегі жауапты өкілдердің жұмысын үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өзекті түйткілдер көтеріліп, оларды шешудің нақты жолдары ұсынылды.