Алматы облысында имамдардың 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді

Алматы облысында имамдардың 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітуге арналған алқалы жиын өтті. Басқосуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам және адал қоғам» жылы аясында жүзеге асырылатын негізгі бағыттар жан-жақты талқыланды.

Жиын барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасы мен алдағы жылға арналған жұмыс жоспары имамдарға кеңінен таныстырылды. Баяндамасында қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайту, діни сауаттылықты арттыру және дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау мәселелеріне ерекше мән берілгені атап өтілді.

Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы бекітілген жоспарға байланысты түсіндірме жасап, 2026 жылы жүзеге асырылатын төрт негізгі бағытқа тоқталды. Олар: уағыз-насихат жұмыстарын жүйелеу, оқу-ағарту саласын дамыту, дәстүр мен отбасы құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ жат ағымдардың алдын алу бағыттары.

Бас имам әр бағыт аясында атқарылатын нақты жұмыстардың маңызын атап өтіп, имамдарды бекітілген жоспарды сапалы әрі жауапкершілікпен орындауға шақырды. Сонымен қатар аталған міндеттер қоғамдағы діни тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға бағытталғаны айтылды.

Жиын қорытындысында 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бір ауыздан қолдау тауып, алдағы кезеңнің басым бағыттары айқындалды.