Алматы: «Қазақ даласының қасиеті – ақ орамалда» атты рухани-танымдық дөңгелек үстел өтті
ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының Алматы қаласы бойынша жауапты мамандарының ұйымдастыруымен Алматы облысы, Қарасай ауданында орналасқан «Анаға құрмет» музейінде «Қазақ даласының қасиеті – ақ орамалда» тақырыбында рухани-танымдық бағыттағы насихаттық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының ұлттық болмысындағы ананың киелі бейнесін, ақ орамал мен кимешектің рухани-мәдени мәнін дәріптеу, әйел тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Дөңгелек үстел аясында кимешек тарихы мен оның мән-мағынасына терең зерттеу жүргізіп жүрген спикерлер – Хафузат Ысқаққызы, Наслихан Жетенқызы және ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Гүлмира Ілесбайқызы баяндама жасап, кимешектің шығу төркіні, әлеуметтік, тәрбиелік және рухани маңызы туралы мазмұнды деректермен бөлісті. Қатысушылар кимешектің аналық мәртебені айқындайтын киелі киім ретіндегі маңызын жан-жақты таныды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында «Анаға құрмет» музейінің арнайы көрсетілімдері ұсынылып, ананың қоғамдағы орны, ақ орамалдың символдық мәні мен ұлттық дүниетанымдағы рөлі жөнінде тағылымды ойлар ортаға салынды. Ақ орамал – ананың тазалығы мен мейірімінің, сабыры мен парасатының белгісі. Ол – ұрпаққа берілер ақ тілек пен аналық батаның нышаны. Ана басындағы ақ орамал мен кимешек – отбасының берекесі мен бірлігін, шаңырақтың тыныштығын бейнелейтін қасиетті құндылықтар.