Үшқоңыр медресе колледжінде бітіруші түлектер аралық бақылаудан өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орталық аппаратының 2026 жылғы арналған жылдық жоспарына сәйкес ақпан айында Үшқоңыр медресе колледжінде шариғат ілімдерін оқыту сапасын арттыру және студенттердің білім деңгейін анықтау мақсатында бітіруші түлектер арасында Құран, фиқһ және араб тілі пәндерінен емтихан өтті.
Комиссия мүшелері ретінде ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Хасан Ташайұлы Аманқұлов, Алматы облысының орталық мешітінің наиб имамы Бауыржан Құрбанов және Қарасай ауданы орталық мешітінің ұстазы Акмал Ашуров емтихан алды. Іс-шара барысында шәкірттердің шариғат ілімдері бойынша білім деңгейі тексерілді.
Хасан Аманқұлов болашақ дін қызметкерлерінің жан-жақты білімді, заманауи талаптарға сай әрі ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға болып қалыптасуының маңыздылығын атап өтті. Аталған аралық бақылау – діни оқу орындарындағы білім сапасын арттыруға және білікті кадр даярлау ісін жетілдіруге бағытталған маңызды шара болып саналады.