«Үшқоңыр медресе колледж» студенттері халықаралық конференцияға қатысты

Алматы қаласындағы Халықаралық «Мирас» мектебінде БҰҰ, ЮНЕСКО, Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердің елшіліктері мен консулдықтарының, халықаралық ұйымдар өкілдерінің офлайн форматта өтетін жыл сайынғы «Біріккен Ұлттар Ұйымының моделі, MIS MUN 2026» конференциясына «Үшқоңыр» медресе-колледжінің студенттері Молдан Оразәлі, Мұқан Ескендір, Бақыт Ажар, Жапек Еркежан, Оразбекова Амина мен Әлімқұл Аружан қатысып, өздерінің ұшқыр ойларымен, ерекше көзқарастарымен тақырыптарын қорғап жүлделі орындарға ие болды.

Ауқымды шараға әлемнің 21 мемлекеті, Астана, Мәскеу, Санкт-Петербург, Ереван, Ташкент, Бішкек, Орал, Түркістан, Алматы қалаларынан келген 300-ге жуық оқушы-студент қатысты. Биылғы конференцияның тақырыбы – «Шекарасыз әлем: ынтымақтастық, қауіпсіздік және тұрақты даму жолы». «MIS MUN-2026» конференциясы көпжақты диалогтың маңыздылығын, халықаралық серіктестіктің рөлін және бейбітшілікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қолдау үшін бірлескен іс-қимылдың қажеттілігін айқындайды. БҰҰ бастамаларының арқасында әлемдік қауымдастық өзара әрекет ету, өзара түсіністік орнату және жаһандық мәселелерді бірлесіп шешу кеңістігін қалыптастыруда.

Медресе колледж шәкірттерінің халықаралық деңгейдегі конференцияда жеңіс тұғырынан көрінуі білім ордасы басшылығы мен ұстаздарының да жетістігі екені даусыз.