Ұстазға құрмет – шәкіртке міндет

Алматы облысындағы «Үшқоңыр» медресе-колледжінің шәкірттері ұстаздар арасында спорттық жарыс ұйымдастырды.

Төртінші курс студенттерінің ұйымдастыруымен өткен додалы жарысқа 15 арнайы пән мұғалімі қатысты. Сайыстың ашылу салтанатында Қазақстан Републикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалса, «Үшқоңыр» медресе-колледжінің  директоры Абзал Майлыбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, сайыскерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын тілге тиек етті.

Бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жандар бұл күні спорттың 3 түрінен сынға түсті. Пайғамбарымыздың сүннеті мен қазақы әдет-ғұрыпқа сай ұлттық ойындар – садақ ату, қол күресі (армрестлинг) мен мылтық атудан өткен сайыс тартысты өтті.    

Жарыс қорытындысына келсек, спорттың үш түрінен жоғары ұпай жинап, оқ бойы озып шыққан ұстаз Нұрдәулет Төрежанов жеңімпаз атанса, Ернар Дүйсен 2-орынды, ал Еркінбек Жаңабай 3-орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы  бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қатысушы ұстаздар қызықты да тартысты өткен жарысты ұйымдастырған 4-курс студенттеріне алғысын білдірді.