Мысырдағы қазақ шәкірттері Құран хатым дұғасын жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Мысыр Араб Республикасындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Сұлтан Бейбарыс» мәдени орталығында қазақ қарилары Рамазан айының тарауық намазында Құран хатымын аяқтап, хатым дұғасын жасады.

Бұл игі шара қасиетті айдың рухани маңызын айшықтап, жамағатқа ерекше сезім сыйлады. Құран хатымына қатысқан барша қазақ шәкірттері елдің амандығы, тыныштығы және бүкіл мұсылман үмбетінің игілігі үшін дұға етті.

Сондай-ақ, Құран хатым дұғасына белгілі ханафи ғалымы Жамалуддин Хашим ақсақал арнайы келіп, жамағатпен бірге дұға жасап, Қазақ елінен білім алуға келген шәкірттерге ақ батасын берді. Бұл шара Рамазан айының берекесін арттырып, жамағатты бірлік пен ынтымаққа шақырған рухани кештердің бірі болды. ҚМДБ жауапты өкілі Руслан Серғазиев қариларға және хатымға қатысушы барлық шәкіртке алғысын білдіріп, Рамазан айымен құттықтады.