ТҮРКИЯ: ҚМДБ ӨКІЛІ ДИЯНЕТ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БІТІРУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ
Түркияның Кайсери қаласында өткен Диянет академиясының XXI түлектерін бітіру салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркиядағы өкілі Абдурашит Карабаев арнайы іссапармен қатысып, қазақстандық түлектерге құттықтау сөзін жолдады.
Іссапар аясында ҚМДБ өкілі Түркия Дін істері басқармасының Арнайы және кәсіби білім беру бөлімінің басшысы Ешреф Гөргүлү және Кайсери жоғары діни оқу орнының директоры, профессор Ахмет Темизканмен кездесті. Кездесуде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемі жеткізіліп, діни білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Биыл Түркиядағы Диянет академияларын 19 қазақстандық студент тәмамдады. Атап айтқанда, Кайсериден – 9, Кожаеліден – 10 түлек диплом алды. Үздік бітірушілер қатарында Сұлтан Аманжолов арнайы марапатқа ие болды.
Іссапар қорытындысында ҚМДБ өкілі Түркия Дін істері басқармасына көрсетілген қолдау мен сенім үшін алғыс білдірді. Бұл сапар қос ел арасындағы діни білім мен бауырластық байланыстарды одан әрі нығайтуға негіз болмақ.