ҚЫРҒЫЗСТАН ПРЕЗИДЕНТІ САДЫР ЖАПАРОВ ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ БАС МҮФТИЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Бас мүфтилерін қабылдады. 

Қырғызстан Мемлекет басшысы Исламның имандылық пен әдепке, бірлік пен ынтымаққа үндейтін құндылықтарын түркі халықтарының салт-дәстүрімен ұштастырудың маңыздылығын атап өтті. Ол жастарды радикалды ағымдардан қорғап, дәстүрлі діни құндылықтар негізінде тәрбиелеу – рухани жетекшілердің басты міндеті екенін айтты.

Алқалы жиынға Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Шейхул-Ислам Аллашүкір Паша-Заде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркия Дін істері басқармасының төрағасы Али Ербаш, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, шейх Нуриддин қажы Холиқназар, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Абдулазиз қажы Закиров, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Қуанышбек Касымұлы қатысты.