
БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтау қаласында Бекет атаның 275 жылдығына орай басталған халықаралық конференцияға қатысты.
«Бекет ата Мырзағұлұлы – руханиятымыздың тірегі» тақырыбында басталған халықаралық жиында баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңізге мәлім, біздің бабаларымыз дінді ұстанып, бала оқытып қана қоймай, ел мен жерді, дін мен дәстүрді сақтай білді. Сырттан келген озбырлық күштерге қарсы тұрып, халықтың қамын ойлады. Ұланғайыр қазақ даласында Бекет ата сынды көптеген қайраткерлер өмір сүрді. Расында да Бекет ата өзінің ісімен де, сөзімен де елге үлгі бола білген рухани тұлға. Ол шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, бірнеше мешіт салдырды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әр жылы қазақ топырағынан шыққан дін ғұламаларын, қоғам қайраткерлерін дәріптеп, олардың еңбегін ұлықтап, жас буынның санасына сіңіруді мақсат етіп келеді. Осы салада бірнеше кітаптарымыз да жарық көрді. «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» деген кітабымыз арқылы бабалардың сара жолын ашып беруге тырыстық. Ондағы мақсатымыз – бабалардың рухани мұрасын насихаттау арқылы елдің бірлігі мен тұтастығын сақтау. Бүгінгі Пір Бекет ата жайындағы ғылыми конференция ұрпаққа ұлағат, үлгі-өнеге болары сөзсіз», – деп атап өтті.
Айта кетсек, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзербайжан елдерінен келген ғалымдар мен дін қызметкерлері қатысуда.