ҚМДБ өкілі Дағыстанда өткен халықаралық конференцияға қатысты
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайырбеков Ресей Федерациясының Дағыстан Республикасына іссапармен барып, Махачкала қаласында өткен «Рухани-адамгершілік құндылықтар мен азаматтық бірегейлікті нығайтудағы мұсылман теологтарының мұрасы» халықаралық конференция жұмысына қатысты.
Ауқымды жиынға Араб елдері, Орталық Азия мемлекеттері, сондай-ақ Индонезия, Еуропа және Африка елдерінен келген дін және ғылым қайраткерлері, сарапшылар мен зерттеушілер жиналды.
Конференцияның ашылу рәсімінде Дағыстан Республикасының мүфтиі Ахмад-афанди Абдуллаев, Ислам мәдениетін, ғылымын және білімін қолдау қорының өкілі Дамир Хайрутдинов, Ресейдің ұлттар істері жөніндегі федералды агенттігі мен халықаралық ұйым өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан қатысқан Нұрлан Қайырбеков пленарлық отырыста «Орталық Азия мұсылман теологтарының қолжазба дереккөздері: тарихы және қазіргі жағдайы» тақырыбында баяндама жасап, аймақтағы діни мұралардың зерттелуі мен сақталуына қатысты өзекті мәселелерге тоқталды.
Конференция аясында түрлі елдердің дін мамандары мен ғалымдары өзара тәжірибе алмасып, рухани және ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған пікір алмасты.