ҚМДБ өкілі Диянет академиясының басшысымен кездесті
Түркияның Анкара қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркиядағы өкілі Абдурашит Зиядинұлы Түркия Діни істер басқармасына қарасты Диянет академиясының басшысы Енвер Осман Қаан мырзамен кездесті.
Кездесуде өкіл ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемі мен ізгі тілегін жеткізіп, жуырда Түркия Дін істері басқармасының төрағалығына тағайындалған профессор доктор Сафи Арпагуш мырзаны жаңа қызметімен құттықтап, табыс тіледі. Сондай-ақ бауырлас елдер арасындағы діни білім беру, рухани тәрбие және тәжірибе алмасу бағытындағы ынтымақтастықты арттыру жайы талқыланды.
Кездесуде университттің аға оқытушысы Озат Шамшиев пен доцент Махмут Самар қатысып, ортақ жобалар мен білім беру саласындағы әріптестік мәселелері сөз болды.
Абдурашит Зиядинұлы Хасеки Діни ихтисас орталығында білім алып жатқан қазақстандық шәкірттердің жағдайы мен оқу барысы туралы ақпарат беріп, жасалып отырған қолдау мен қамқорлық үшін алғыс білдірді.