БІЛІМ МЕН РУХАНИЯТ ТОҒЫСҚАН ОРДА

Жаңа ислам институтының бағыт-бағдары

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – ел аумағындағы діни ахуалды тұрақтандыру, діни білім беру ісін дамыту, ұлттық руханиятты нығайту сынды маңызды міндеттерді жүйелі жүзеге асырып келе жатқан республикалық бірлестік. Соңғы жылдары басқарманың бастамасымен елімізде бірқатар игі жобалар жүзеге асырылып, соның ішінде діни білім беру саласына баса назар аударылуда. Соның айқын дәлелі – 2022 жылы елорда төрінде ашылған «Хусамуддин әс-Сығанақи» атындағы ислам институты.

Бұл оқу орнының ашылуы – еліміздегі діни кадр даярлау ісінің жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Институт – тек діни білім беретін оқу орны ғана емес, сонымен қатар дәстүрлі дінімізді насихаттайтын рухани орталық. Осы орайда біз аталмыш білім ордасының құрылу мақсаты, ішкі құрылымы және білім беру жүйесімен танысу үшін бірнеше сала мамандарымен сұқбаттасқан едік.

I БӨЛІМ: ИНСТИТУТТЫҢ ҚҰРЫЛУ МАҚСАТЫ МЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ РӨЛІ

Хасан Аманқұлов,
ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі:

— Еліміздегі діни білім беру жүйесін жаңғырту бағытында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіретіміздің тікелей бастамасымен 2022 жылдың қыркүйек айында Астана қаласында «Хусамуддин әс-Сығанақи» атындағы ислам институты ашылды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – отандық діни мамандарды өз елімізде, бірізді жүйемен даярлау.

Бүгінде мешіттер мен медресе-колледждерде қызмет етіп жүрген мамандардың түрлі оқу орындарында білім алғанын байқауға болады. Олар дінтану, исламтану, теология мамандықтары бойынша білім алған. Сондай-ақ олардың кейбірі - діни білімді өз елімізде оқыған болса, енді бірі - шетелде білім алып қайтқан. Әр оқу орнының білім беру бағдарламасының әрқилы болуы белгілі.

Осы білім берудегі әркелкілікті жою және бірізділік қалыптастыру мақсатында ҚМДБ бірыңғай оқу бағдарламасына негізделген кадр даярлайтын арнайы институт құру жұмысын қолға алды.

Институттың негізі – отандық діни кадрларды шетелге жібермей, өз елімізде дайындау, араб тілін жетік меңгеру, шариғат ғылымдарын жүйелі оқыту. Бұл бастама халықаралық тәжірибеде де кеңінен қолданылып жүр. Мысалы, Түркияда – «Хасеки», Өзбекстанда – «Имам Бұхари» атындағы ислам институты, Мароккода – Мұхаммед VI атындағы имамдардың білімін жетілдіру орталығы осы бағытта жұмыс істейді.

Бүгінде Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты – еліміздің діни кадрлар даярлау жүйесінде негізгі орынға ие болуға бет алған білім ошағы. Оқу орнында қазіргі таңда ҚМДБ-ға қарасты медресе-колледждер мен жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер, сондай-ақ мешіттерде қызмет атқарып жүрген имамдар білімдерін жетілдіруде.