ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ӘҺЛІ-СҮННЕТ СЕНІМІ

Ислам тарихшыларының келтірген деректерінде Омардың (оған Алла разы болсын) халифалық дәуірінде мұсылмандардың Мәуәраннаһрға келіп, кері қайтқандығы айтылады. Айтпағымыз, Дешті қыпшақ даласы сол кезден бастап-ақ Ислам дінімен таныса бастаған.

Әһлі-сүннет уәл-жамағат дегеніміз – Ислам дінінің негізгі тұғыры әрі ең кең тараған, дәлірек айтқанда Ислам әлеміндегі мұсылмандардың 92,5 пайызы ұстанатын сенім бағыты. Мұндағы «әһлі-сүннет» сөзі Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет жолы мен хадистеріне, ал, «жамағат» сөзі сахабалар мен оларға ерген мұсылман қауымының соңынан жүру дегенді білдіреді. Жалпы бұл ұғым Ислам тарихында дініміздің бастапқы дәуірінен кейін, екі ғасыр ішінде көрініс тапқан түрлі саяси және діни бөлінулерге қарсы жауап ретінде пайда болған. Умеялардың 10-шы халифасы Һишам ибн Абдулмаликтің (724–743) билігі кезінде исламның ақида, фиқһ мәселелерін бірізділікке түсіру қолға алынып, бұл үдеріс Аббаси халифаты тұсында одан әрі жетілдірілді. Сүйтіп, Умея халифатының соңғы жылдары мен Аббаси халифатының алғашқы ғасырында Ислам ақидасы түрлі ағымдармен пікірталасқа түсе отырып, әһлі-сүннет уәл-жамағат жолы айқындалып, сенім мен шариғаттағы негіздер нақты жүйелене бастады. Дәл осы уақыт – Ислам әлемінде әһлі-сүннет сенімінің негізі қаланып, біртұтас жүйеге келтіріле бастаған кезең мен Ислам дінінің қазақ даласына енуі VIII ғасырда, яғни Талас шайқасы (751 ж.) кезіне тұспа-тұс келеді. Осы тарихи тұтастыққа назар аударар болсақ, исламның қазақ даласына келуі мен әһлі-сүннет сенімінің қалыптасуы бір дәуірге сәйкес келеді. Талас шайқасы арқылы Ислам діні енген кезде, мұсылман қауымдастығында ақида саласы бойынша сенім негіздері нақтыланып, бүлік пен адасушылықтан сақтайтын нақты жол – әһлі-сүннет уәл-жамағат сенімі бекітіліп жатқан еді. Мұндай тарихи үндестік қазақ даласына алғаш келген Ислам дінінің радикал емес, байсалды әрі орта жолды ұстанған сенім жүйесімен қатар келуін қамтамасыз етті. Сондықтан да түркі халықтары, оның ішінде қазақ халқы да, алғашқы кезеңнен бастап Ислам дінін ханафи мәзһабындағы фиқһы мен Матуриди сенім жүйесін негізінде қабылдады. Ислам діні қазақ даласына келгеннен кейін Қараханидтер тұсында мешіт, медресе, кітапхана, діни орталықтар салынып, Ислам мәдениеті мен ғылымы қарқынды дамыды. Қазақ даласы Ислам дінін қабылдап қана қоймай бұл діннің өркениет діні екендігін паш етуге үлес қосты. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фараби (870–950 жж.) Ислам философиясын дамытып, ақыл мен иман үйлесімділігін көрсетті. Оның «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегі Ислам қоғамының мінсіз моделін жан-жақты түсіндіріп, сипаттады.

Жүсіп Баласағұн (XI ғ.) «Құтты білік» атты еңбегінде исламдық моральдық тәрбие, билік пен әділет мәселесін қозғады. Оның шығармасында иман, ақыл, ғылым ұғымдары басты рухани құндылық ретінде көрсетілген. ХІ–ХІІ ғасырларда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи Ислам дінін түркілік дүниетаныммен үйлестіріп, сопылық жолды (тасаууф) түркі халқының рухани өмірінің өзегіне айналдырды. Ясауи ілімі Ислам дінін жүрекпен тануға, рухани тазаруға үндеді. Оның «Диуани Хикмет» атты шығармасы ғасырлар бойы түркі мұсылмандарына жол көрсетуші рухани кітап болып келді. Бұл ілім кейінгі кезеңдердегі қазақ даласындағы сопылық, діни-философиялық танымның негізіне айналды.

Саид Хусейн ибн Али ас-Сығанақи (XIII–XIV ғғ.) – ханафи мәзһабының көрнекті фиқһ ғұламасы, Орта Азия мен Қазақ даласында кең тараған Ислам құқықтық мектептің өкілі. Оның «Ан-Натоиж әл-Фикһия» және басқа да еңбектері ислам құқықтық танымын түркілік түсінікпен ұштастырған. Сығанақи еңбектері медреселерде оқулық ретінде қолданылған және сол дәуірдің фиқһ жүйесін қалыптастыруда үлкен рөл атқарған.

Қауам ад-дин әл-Итқани (XIV ғ.) – түркі текті ислам ғалымы, Мәуреннахр мен Дешті Қыпшақ аймақтарында кең танымал болған. Ол ханафи мәзһабының беделді фақиһы, әрі әл-Мансури атты фиқһ еңбегінің авторы. Итқани шығармалары исламның құқықтық жүйесін жүйелеуге, қазақ даласындағы ислам білімін тереңдетуге ықпал етті. Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайри секілді ғалымдар Ислам шеңберіндегі тарихи-мәдени мұраларды жазып қалдырды. Бұл ғалымдар әһлі-сүннет уәл-жамағат сенімін ұстанып, исламды қоғам өмірімен үйлесімді етті. Олар ақыл мен дінді қатар қолдану қажеттігін атап өтті.

Бұл ғалымдардың барлығы Ислам дінін тек құлшылық жүйесі ретінде емес, ғылыми, құқықтық, философиялық және рухани ілім ретінде қарастырды. Олардың еңбектері арқылы қазақ даласында Ислам өркениетінің қуатты іргетасы қаланды.

Әһлі-сүннет сенімінің негізгі сипаттары мыналар:

♦ Алла Тағаланың бар және бір екеніне, сипаттарына қатысты Құран мен сүннетке негізделген түсінік;
♦ Пайғамбарлардың адамзатқа жіберілген Алланың елшілері екендігін мойындау;
♦ Құран мен хадистерге сүйеніп, ақыл мен нақылды үйлесімді қолдану;
♦ Имандылық, тақуалық, әділдік, ұстамдылық, ынтымақ секілді рухани құндылықтарды ұстану;
♦ Бидғат пен адасушылықтан сақтану.


Әһлі-сүннет бағытының басты ерекшеліктері мынадай:

  1. Теңгерімділік пен ұстамдылық – әһлі-сүннет ақидасында шектен шығушылық немесе біржақтылық болмайды. Бұл бағыт ақыл мен нақылды үйлестіре отырып, діни тұжырымдарда орта жолды ұстанады.

  2. Саяси тартыстан бойын аулақ ұстау – әһлі-сүннет бағыты сенімді саяси күрестен бөлек ұстап, діни тұтастық пен қоғам бірлігін жоғары қояды.

  3. Бидғат пен такфирден аулақ болу – өзге мұсылмандарды адасушы немесе кәпір деп айыптаудан тартынады. Такфиршілдік идеологияны қабылдамайды.

  4. Ижма мен қиясқа сүйену – дін ғалымдарының бір ауыздан келісіп бекіткен үкімдерін (ижма), сондай-ақ ұқсас жағдайдан үкім шығару тәсілін (қияс) таниды.

  5. Фиқһтық мектептермен сабақтастығы – әһлі-сүннет бағыты фиқһта төрт мәзһабпен (ханәфи, шәфиғи, малики, ханбали) сабақтастықта дамыған.

Қазақ жеріндегі әһлі-сүннет сенімі

Ислам діні қазақ даласына келгеннен кейін, тек діни наным ретінде ғана емес, сонымен бірге қоғамдық, саяси және рухани тұрақтылықтың тірегі болды. Қазақ даласына Ислам ғылымы, сопылық ілім, ақида, фиқһ (шариғат ілімдері) келді. Орта ғасырларда Қазақстан аумағында өмір сүрген көптеген Ислам ғұламалары дінді таратып қана қоймай, оны ғылыми-танымдық деңгейде дамытты.

Исламмен үйлескен салт-дәстүрлер:

♦ Бата беру – Алладан тілек тілеу, бұл – дұға жасаудың ұлттық үлгісі.
♦ Ас беру, жеті шелпек пісіру – марқұмдарға дұға бағыштау, Құран оқыту – исламдағы сүннет амал.
♦ Наурыз мерекесіндегі тазалық, жасы үлкенге иілу, ренжіскендерді татуластыру – исламдағы кешірімділік пен ағайынгершілік ұстанымдарына сай келеді.
♦ Сүндеттеу, құдалық, неке қию, өлікті арулау, жеті атаға дейін қыз алыспау – исламмен үйлесімді және шариғатқа қайшы емес тәжірибелер.

Кейінгі қазақ хандары да, би-шешендер де (Әз-Тәуке, Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би) әһлі-сүннет сенімі негізіндегі шариғат пен салтты қатар ұстанып, ел ішінде әділет орната білді.

Осылайша, қазақтың рухани болмысы мен дәстүрлі дүниетанымы – әһлі-сүннет сенімімен тығыз байланыста қалыптасты. Бұл сенім ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықтың негізі болып қала берді.

Әбдімүтәліп ДӘУРЕНБЕКОВ,
РАНТ мүшесі