ИСЛАМОФОБИЯ ЖӘНЕ ДІНИ ФАНАТИЗМ — ЕКІ ҚАУІПТІ ҮРДІС

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Кімде-кім таңертең оянып, жанұясының аман-есен, дені сау және сол күнгі рызық-несібесін көретін болса, онда дүниенің барлық нығметтері бар екенін білсін» деп бейбітшілік пен тыныштықтың мәнін ұқтырған. (Тирмизи, Ибн Мәжа).

Алайда, Ислам дінін дұрыс түсінбегендіктен әлеуметтік желілерде асыл дінімізді бұзақылық әрекеттердің бастауы етіп көрсеткісі келетін ақпараттық шабуылдар күшейіп жатқаны жасырын емес. Мұндай жалған ақпараттар, кейбір дүниетанымы таяз, ой-өрісі тар болған жастарымызды елітіп, Исламның шынайы мақсатынан алыстатып, идеологиялық тұрғыдан манипуляцияға ұшыратуда.

Мұндай жалған идеялардың қауіпі жайлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет» деп атап өткен болатын.

Бүгінгі ғаламтор желілерінде кең тараған, мемлекет пен қоғам тұрақтылығына қауіп төндіретін үрдістердің алдыңғы қатарында исламофобия мен діни фанатизм үрдісі жайғасқан.

Исламофобия деген не?

Исламофобия – Ислам дініне және мұсылмандарға деген жағымсыз пікір мен жек көрушілікті, теріс көзқарасты, өшпенділік пен дұшпандықты т.б теріс көңіл күйлер мен теріс пікірлерден туындаған жеккөрушілік идеялардың жиынтығы. Мұндай идеялар Ислам діні мен мұсылмандарды әлемге төнген апат пен қауіптің, лаңкестіктің көзі ретінде көрсетуге тырысады.

Исламофобия терминін алғаш рет 1918 жылы француз шығыстанушы Этен Дине (Dinet) «Шығыс Батыстың көзімен» атты эссесінде батыстық державалардың мұсылман қауымын отарлау кезіндегі шектен шыққан саяси әрекетін сынау үшін қолданған.

Бүгінгі таңда исламофобия – әлемдік қауымдастықтың алдында тұрған ең үлкен проблемалардың біріне айналды. Оның зардаптары тек мұсылман қауымына ғана емес, бүкіл әлемге, халықаралық қатынастарға зиянын тигізуде. Исламофобиялық үрдіс әсерінен түрлі ұлт пен дін өкілдері бір-бірінен алшақтап, қоғамда өшпенділік артып, тыныштық бұзылады.

Осыған орай 2022 жылдан бастап Біріккен Ұлттар ұйымы ресми түрде 15 наурызды халықаралық исламофобияға қарсы күрес күні ретінде белгіледі. Бұл айтулы күннің мақсаты – дүниежүзіндегі мұсылмандарға қатысты әділетсіздік пен кемсітушілікке қарсы тұру, сондай-ақ діни төзімділік пен өзара құрметті нығайту.

15 наурыздың халықаралық исламофобияға қарсы күрес күні болып белгіленуі кездейсоқ емес. 2019 жылы дәл осы күні Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы екі мешітте мұсылман қауымына қарсы лаңкестік әрекет жасалып, 51 бейкүнә мұсылманды айуандықпен өлтіріп, 40 адамды жаралады. Бұл оқиға бүкіл әлемге исламофобияның қаншалықты қауіпті екенін көрсетіп, халықаралық қауымдастықты осы мәселеге қарсы бірігуге шақырды.

Исламофобия тарихы

Исламофобияның тарихы 8-9 ғасырлардағы Ислам дінінің Еуропаға енуіне қарсы бағытталған Крест жорықтары кезіндегі Ислам діні мен мұсылман қауымын жапай айыптау ұрандарынан бастау алады. Ұрандар арасында: «Шығыстықтар», «Исламшылар», «Ұсқынсыз адамдар», «Варбарлар», «Бұзықтар», «Ұрылар», «Алдамшылар» т.б деп, айтқанынан айқын көреміз және Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға тіл тигізетін лас сөздер кездеседі. Алайда, тарихтағы дәл осы кезеңге көз жүгіртсек, Ислам әлемі ғылым, мәдениет, философия, медицина, сәулет және басқа да көптеген салаларда әлемдік өркениеттің орталығы болып саналғанын көреміз.

Тарихи себептері: VIII ғасырда Омейядтар кезеңінде мұсылмандар басшылары қазіргі Испания мен Франция жеріне келіп дін таратып, мемлекет құруы, 1453 жылы Османлылардың Константинопольді жаулап алуы, 1683 жылы Вена қоршауы сияқты т.б оқиғалар Батыс әлемінде ғасырлар бойы Ислам діні мен мұсылмандарға деген өшпенділік, жеккөрушілік үрдістерінің ұласуына әсер етті. Мұндай үрдістер батыстың тарихи санасындағы сақталған исламофобиялық тақырыптардың қайта жаңғыру үлгісі ретінде көрініс тапты.
 

Қазіргі исламофобия

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі АҚШ-та болған лаңкестік шабуыл оқиғасынан кейін мұсылман азаматтарына қарсы өшпенділік пен Ислам дінінің имиджіне қатысты керағар пікірлердің әлемде өте кең ауқымда таралуы белең алды. Осы оқиғадан соң көптеген саясаткерлер исламды терроризм ұғымымен бірдей мағынада пайдалана бастағанын еске сала кеткен жөн. Шын мәнінде Ислам бейбіт, әділ және толерантты дін екенін, бұл лаңкестік әрекеттерді жасаушылар мұсылман ұстанымдарымен сай келмейтіні жайлы айтылған пікірлерге мән берілмеді.

Сонымен қатар, араб және Африка елдерінен Еуропаға мұсылман халықтарының қоныс аударуы, жаһандық көші-қон көріністерінің артуы батыста исламофобиялық көңіл күйді арттырды. Бұл үрдістер негізінен қоғамның кейбір топтары мұсылмандарды олардың дәстүрлері мен тыныштығына қауіп төндіретін күш ретінде қарастыру үрдістеріне айналды.

Қазіргі таңда исламофобия жаһандық проблемаға айналды. Бұл – жеке адамдарға ғана емес, тұтас қоғамға да әсер ететін күрделі әлеуметтік мәселе. Сондай-ақ, «сөз бостандығы» деген желеумен Құранды өртеу, Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тіл тигізу, екі миллиардқа жуық адамның қасиетті ілімін, сенімін, діни құндылықтарын ашықтан-ашық қорлау сияқты әрекеттер де исламофобияның белең алып жатқанының негізгі көрінісі.

Діни фанатизм – исламофобияның негізгі қозғаушы күші

Вумердес универстетінің (Université Boumerdes) докторы, белгілі ғалым Исмағил Букнур қазіргі исламофобиялық топтарды екіге бөліп көрсетен. Олар: «Исламофобияны насихаттаушы тобы» және «Исламофобияны ұсынушы тобы (ислам атын жамылған діни фанатизмге ұрынған радикалды бағыттар)».

Исламофобияны насихаттаушы тобына исламға қарсы ұйымдасқан, арнайы жоспарлары бар және Ислам діні мен мұсылмандарды жеккөрінішті етіп, әсіресе Батыста үркіту үшін жаңа әдістемелік идеяларды таратуға, жасауға үлес қосатын саяси топтар жатады. Бұл топтың ең түпкі мақсаты – мұсылман елдерінде қоғамдық тұрақтылықты бұзу мен қанды, түрлі-түсті төңкерістер жасау.

Исламофобияны ұсынушы тобына исламофобиялық идеяларға ықпал ететін және мұсылмандарға тікелей немесе жанама түрде зиян келтіретін псевдоисламдық, радикалды бағыттағы мұсылман топтары мен секталар және өздерінің діни фанаттық теріс пікірлерін насихатаушы жамағаттар жатады.

Қоғамда кездесетін діни фанатизмнің ең әуелі діни радикалды идеялар мен қоғамға қауіпті агрессиялық әркеттердің бастауы екенін ескерген Исмағил Букнур діни фанатизм исламофобияның белсенді қозғаушы күші екенін мәлімдейді.
 

Мемлекет тұрақтылығына кері әсері

Исламофобия жеке адамның діни сезімін қорлау арқылы наным-сенім құқықтарын бұзып қана қоймайды, сонымен қатар қоғам өкілдері арасында арандатушылықты күшейтеді, әлеуметтік алауыздықты арттырады, тіпті жаһандық қауіпсіздікке теріс әсер етеді. Атап айтқанда, исламофобияның жағымсыз салдары бірқатар факторлардан көрінуі мүмкін.

Біріншіден, исламофобия қоғам бірлігіне нұқсан келтіріп, оның ішінде діни өшпенділік пен дұшпандық сезімін тудырады. Себебі исламофобия, азаматтар арасында алауыздық пен жағымсыз көзқарастарды қалыптастыратыны жасырын емес. Мұсылмандардың құқықтары бұзылып, өздерін қорланған, діни кемсітілген сезінеді. Бұл тек мұсылмандарға ғана емес, жалпы әлеуметтік ортаға да кері әсерін тигізуде. Мұндай жағдайда түрлі мәдениеттер мен діни сенімдер арасындағы үйлесімділік бұзылып, олардың бір-біріне қарсы бағытталуы қоғамның тұрақтылығы мен мемлекет дамуын тежейді.

Екіншіден, исламофобиялық үрдіс аймақтық және жаһандық экстремизм мен радикализмнің өсуіне әкеледі. Кейбір жағдайларда исламофобиялық әрекеттер халық арасында діни фанаттық көңіл-күйдің күшеюіне, азаматтардың бұзылған құқықтарын әртүрлі радикалды тәсілдермен қалпына келтіру әрекеттеріне әкелуі мүмкін. Бұл терроризм қаупін арттырады және жаһандық қауіпсіздікке қатерлерді одан әрі күшейтеді.

Сөзімізге дәйек ретінде француздық Charlie Hebdo журналының Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) карикатураларын жариялағаннан кейін туындаған жағдайды айта аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінде бүкіл әлемде исламофобиямен күрес өзекті мәнге ие болуда.

Қорыта айтқанда, исламофобия мен діни фанатизм үрдістері әлемдегі онсыз да күрделі жағдайдың одан әрі шиеленісуіне, мұсылмандарға қарсы өшпенділік пен зорлық-зомбылықтың артуына алып келеді. Ол халықаралық бейбітшілікке, қауіпсіздікке және адам құқықтарына қауіп төндіріп қана қоймай, халықтар мен қоғам өкілдері арасында бейбіт қарым-қатынастарға үлкен қауіп төндіреді.

Қазақ зиялысы, жазушы Мұхтар Әуезов Кеңес үкіметі орнамай тұрып, 1918 жылы «Абай» журналында жариялаған бір мақаласында: «Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп діни фанатизм, ескі ғұрып-ғадат. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатасын жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді», – деген еді.

Жақсылық пен жамандық бір Алладан болса, ал жақсы болу немесе жаман болу адамның өзіндік іс-әрекетінен болса керек. Демек, исламофобия және діни фанатизммен тиімді күресу арқылы қоғамда бейбітшілік, келісім және өзара сыйластық үрдісін қалыптастыра аламыз.

Ислам МАРАТҰЛЫ,
ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы