ҰЛТТЫҚ КОД ЖӘНЕ ИСЛАМ
Ұлттық кодты сақтаудың маңыздылығы не?
Жаһандану, әлеуметтік желі заманында бүкіл әлем бір ауылдай аралас-құралас болған уақытта ұлттық кодты сақтау аса маңызды. Өзегіміз әлсіз болса, өз құндылықтарымызды бағаламасақ, кез келген көк аттының жетегіне еріп кете барамыз. Ұлттық кодты сақтау – мемлекеттің қауіпсіздігінің кепілі, ұлттың жойылып кетуіне жол бермейтін негіздер. Тіл тұғыры биік, дәстүрі озық ел ғана басқалардан оқ бойы алда болады.
Ислам және қазақ болмысы
Осы күні қазақ халқының басым бөлігі өзін мұсылманмын деп санайды. Бұл жерде намаз оқитын мұсылман, намаз оқымайтын мұсылман деп бөліп жару негізгі мәселе емес. Негізгі мәселе – кейбір діннен үрке қарайтын, діннің құндылықтарына терең бойламаған отандастарымыздың асыл дініміз Исламды қазақ болмысынан ысырып тастау әрекетіне жауап беру. Өздерін ұлт жанашыры секілді көрсететін кейбір топтар Ислам дінін қазақ дүниетанымынан алыстатып, адам санасында бос кеңістік қалдыруды қаласа, енді біреулер келмеске кеткен, қазақ танымына теріс тәңіршілдік, шаманизм сарқыншақтарын, қазіргі ізбасарларының ойдан шығарған еш негіздерге сүйенбейтін ұстанымдарын тықпалауға мүдделі. Мақсаты – халық арасында дүрдараздық орнату, екіге бөлу, алауыздық отын жағу. Ғасырлар бойы қазақ халқының ынтымақ бірлігінің қазығы болып келген ислам дінін мансұқтау. Осының нәтижесінде Ислам дініне, мұсылмандарға қатысты «арабтың дәстүрі», «арабқұл», «арабтың діні», «уағызшылар» деген атаулар дүбәра жұрттың арасында тарап жүр. Ислам дінін жою олардың негізгі мақсаты, сол себепті дін ұстану елдің қарыштап дамымауының негізгі себептері ретінде ұсынылуда. Олардың ойынша Ислам дінін бейберекет жіберсек, ертең көп ұзамай екінші Ауғанстан болады екенбіз. Дәлел ретінде кейбір жат ағым өкілдерінің, сауаты таяз мұсылман жамағатының әрекеттерін мысалға келтіріп, бетке басуда.
Қазақ халқын тәңіршілдікке қайтару әрекеті айтарлықтай нәтиже бермесе де, қазақ халқының ұлттық мүддесін көтеріп жүрген өнер, тіл, дін жанашырларының бірігуіне кедергі жасауда.
Тарихқа көз жүгіртсек, ХVIII ғасырдан Қазақстан жерінде отарлау саясатын жүргізген Ресей патшалығының да көздегені қазақ болмысын күйрету еді. Олар қазақтың жер-суын тартып алумен шектелмей, руханиятына да ауыз салды, ұлттық кодын өзіне тиімді етіп өзгертуді жөн көрді, өйткені күшпен қазақ елін ұзақ басқару мүмкін емес еді. Нағыз құлақкеспе құлға айналдырудың жолы – отарлаушы елдің сөйлейтін тілімен сөйлету, әдет-ғұрыптарын ұмыттыру, өздері ұстанып отырған дініне бодан елді күштеп кіргізу еді. Осы істе патша үкіметіне ерен қызметімен танылған ағартушы- миссионер Николай Ильминский 1860 жылы патша үкіметіне жазған құпия баянхатында: «Қазақтарға “сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстанған” деп түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан дініне кіргізу оңай болады» деп түсіндірген. Себебі бұған дейін Ресей империясына қарасты якут, бурят, алтай халықтарын шаманизмнен христиан дініне өткізу процесі сәтті жүзеге асқан. Нәтижесінде аталған халықтар қазіргі уақытта құрып кету алдында тұр. Өкінішке қарай, бұл әрекет бір жарым ғасырдан кейін қазақ жерінде қайта бастау алғанына куә болып отырмыз.
Ұлттық кодқа діннің көзқарасы
Асыл дініміз Ислам мұсылман қауымын бірлік, ынтымаққа шақырғанымен «бір ұлт бол» немесе «араб бол» демейді. Әр ұлт өзіне тән қасиеттерін сақтаған кезде ғана Алланың ұлы хикметі орындалады. Хақ Тағала Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан-алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың», – деп айтқан.
Аятта келгендей ұлттарға, ұлыстарға бөліну Алланың қалау сипатымен жүзеге асып отыр. Алланың құзырында арабтың араб еместен, араб еместің арабтан еш айырмашылығы жоқ.
Мүбәрак хадисте: «Уа, адамдар! Расында, Раббыларың бір, аталарың бір. Естеріңде болсын. Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, терісі қызыл адамның қарадан, қараның терісі қызылдан еш артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықта ғана болады. Расында, Алла Тағаланың құзырында ең ардақтыларың – тақуаларың» (Табарани), – деген.
Әртүрлі ұлттарға бөліну Алланың ұлы дәлелі болғандай, тілдердің де сан алуандығы Алланың ұлы хикметінен. «Рум» сүресінің 22-аятында: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен реңдеріңнің әр алуан болғандығы да, Оның ап-айқын дәлелдерінің бірі» делінген.
Қазақ халқының ұлттың ерекшеліктерінің бірі – әдет-ғұрыпты дініміз Құран, хадис секілді діннің қайнар көздерінің бірі ретінде қарастырады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Мұсылмандар жақсы деп тапқан зат Алланың құзырында жақсы» (Имам Ахмад) делінген. Ислам құқығының ережесі бойынша да дәлелге алынады, яғни «әдет-ғұрып – төреші» деген қағида бар. Осы дәлелдерге сүйене отырып, мұсылман үшін Алла Тағаланың шариғатын орындауда әдет-ғұрыптың өзіндік орны барын әрі оны мансұқтаудың жөні жоқ екенін ұмытпауымыз керек. Яғни, ғасырлар бойы көшпелі қазақ өмірінің сүзгісінен өткен, болмысына сай қалыптасқан заңдылықтарды әдет-ғұрыптарға жатқызамыз.
Тәуелсіздік тұғырымыздың биік, іргеміздің бекем болуының негізгі алғышарты – ұлттық болмысымызға тән қасиеттерді қадірлеу, өскелең ұрпаққа көркем түрде насихаттау.
Тіл ол тек қарым-қатынастың ғана құралы емес, бүтін бір халықтың келбеті – ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарымыздың мәйегі. Дін мен дәстүр болса руханияттың қос қанаты екенін біліп жүрген ұрпақ, ешуақытта басқа біреудің алдында тізе бүкпейді.
Қазіргі мұсылман жастардың бойында осы үш негіз болса игі еді.
Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,
Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы