ЖАСТЫҚ ШАҚ – ЕЛ ЖҮГІН КӨТЕРЕТІН АЛТЫН КЕЗЕҢ

Аса Қамқор, Ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Бүкіл әлемдердің Раббысы болған Алла Тағалаға мақтау-мадақ, Оның соңғы елшісі Мұхаммед Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

«Жас келсе – іске, қарт келсе – асқа» дегендей, қай істе болсын жастардың үлесі үлкен. Олар көптігімен емес, тәуекелшілдігімен, табандылығы және қайсарлығымен мықты. Тарихтың қайсыбір қатпарына көз тастасақ та, жастардың қатысуынсыз іс бітпеген.

Жастық – ең алып күш. Дін мен дәстүріміздің қанаты кеңге жайылып, ғұмыры ұзақ болуы үшін, елдің жағдайы жақсарып, қоғамда тұрақтылық орнауы үшін де жастардың көмегі керек. Өйткені жастар – елдің ертеңі. Жастық шақ – адам баласының қайта айналып келмейтін көктемі болса, бүгінгі жастар – ертеңгі ақыл айтар аға, ұрпақ тәрбиелейтін дана, елдің ақсақалы мен ақжаулықты анасы. Ал олар даналыққа жетуі үшін қазіргі алтын уақыты арзан нәрсемен өтіп кетпеуі тиіс.

Бүгінгі таңда жастар халықаралық аренада да елеулі және ықпалды күшке айналуда. Жас ұрпақтың әлеуметтік белсенділігі – қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші. Сондықтан интеллектуал, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу – жалпыұлттық, мемлекеттік ауқымдағы міндет. Біздің елдегі тұрғындардың үштен бірі – жастар. Ал жас буын өкілдерін жат қылықтардан, бейәдеп іс-әрекеттерден және теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру – аса маңызды істің бірі. Қазіргі жаһандану үрдісіне орай жастардың көзқарасы, ойлау ерекшелігі, таным-түсінігі, мәдениеті де өзгеруде.

Демек, ел болашағы саналатын жастармен жаңаша тәсілдер арқылы жұмыс істейтін уақыт келді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өскелең ұрпақ өкілдерімен жұмысты жандандыру мақсатында әр саланың білікті мамандарын ортақ мақсатқа жұмылдыратын «Жастар кеңесін» құрды. Бірнеше жылдан бері дін мен дәстүрімізді жастар арасында дәріптеп жүрген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жастар ісі секторы әртүрлі форматтағы іс-шараларды белсенді жас буынның атсалысуымен атқарып келеді.

Құран Кәрімдегі «Кәһф» сүресінде иманын сақтап, үңгірге жасырынған жастардың оқиғасы баяндалады. Осы сүреде: «Олар иман келтірген жастар еді» деп сипатталады. Ал адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жастардың ең абзалы үлкендерге ұқсағандары, сондай-ақ үлкендердің ең жаманы (ғапылдыққа салынып) жастарға ұқсағандары», – деп айтқан. Бұл хадистегі үлкендерге ұқсау дегенді сырт келбетін ұқсатумен шатастырып алмау керек. Пайғамбарымыз бұл өсиеті арқылы жастарды жаман әдеттерден тыйып, даналыққа шақырған.

Бүгінгі таңда жастар халықаралық аренада да елеулі және ықпалды күшке айналуда. Жас ұрпақтың әлеуметтік белсенділігі – қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші. Сондықтан интеллектуал, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу – жалпыұлттық, мемлекеттік ауқымдағы міндет. Қазіргі кезде адамдар, әсіресе жастар, бір-біріне қатты ұқсап барады. Яғни, адам көп болғанымен ісі ұқсас, қылығы бірдей болып барады. Бұл – жаһандану процесінің бір көрінісі. Бүкіл әлемді бір смартфонға сыйдырған жаһандану кезеңінде өзіндік болмысымызды сақтап қалу маңызды. Бұл ретте ең алдымен уақытты басқаруды үйренуіміз керек. Күн тәртібін ұйымдастыру мен уақытты тиімді қолданудың екі ережесі бар: дұрыс дедлайн, яғни жұмысты атқарып бітетін шекті мерзім белгілеу және бірнеше жұмысты бір уақытта атқармау.

Кейбір жас буын өкілдері ақшаны бірінші орынға қояды. Ақша – ең маңызды құндылық емес. Қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу керек, бірақ ақшаны бірінші орынға қою дұрыс емес. Ақшадан да маңызды дүниелер бар. Қаражатың бола тұра, жаныңда сені түсінетін жақын адамың болмаса немесе денсаулығың сыр берсе, өзіңді шынайы бай адам деп есептеудің өзі қиын. Мұндайда жазушы
Шерхан Мұртаза ағамыздың мына сөзі еске түседі: «Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ иман жоқ. Ең сорлы адам сол». Демек материалдық байлықтан маңызды нәрселерді естен шығармауға тиіспіз.

Жастық шақ – еліктеушілікке бейім уақыт. Бір сәттік ләззат үшін бүкіл өміріңді қор етудің қажеті жоқ. Әділетті әмірші Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) былай деген: «Харамнан бақыт іздесең, бақыт саған харам болады». Өмірде ақ пен қара, жақсы мен жаман алма-кезек кезіп тұрады. Кейде өзіміздің қателігіміз себепті немесе Алла Тағала мұсылмандардың мәртебесін көтеріп, мол сауапқа кенелуі үшін сынақтар жіберуі мүмкін.Тіпті әділетсіздікке ұшырап, жанымыз қиналып кетуі мүмкін. Мұндай кезде тағдырға риза болып, артық сөз айтпай, табандылық таныту қажет.
Сонда ол нәрседен сабақ алып, ары қарай жылжи алсақ, Алланың қалауымен бұдан да биік шыңды бағындырамыз. 

Жастарға айтар тағы бір ағалық кеңес – бәріне ұнауға тырыспау. Өмірде сіз ұнатпайтын немесе сізді жақтырмайтын адамдарды кездестіресіз делік. Бұл қалыпты жағдай.  Өйткені Алла Тағаланың ең сүйікті құлы әрі елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) де ұнатпайтындар болған. Бұл – сізде қандай да бір кемшілік бар және оны түзету керек деген сөз емес. Ең бастысы, өз қалпыңнан таймай, мақсатқа жету. Өз бетіңмен кетіп, шектен тыс қырсықтыққа да салынба, сізге қымбат адамдардың ғана көңілін табуға тырыс.

Жастарға қажет дағдының бірі – ізденуді тоқтатпау. Тек бір ғана кәсіптің, мамандықтың төңірегінде қалып қоймай, іздене беру керек. Әртүрлі қабілетіңді ашып, жетістікке жетуге мүмкіндік беретін дағдыларыңды дамыту және пайдалы кітаптар оқу кез келген ортаға бейімделуге септігін тигізеді. Бұл әсіресе өміріңнің қиын кезеңінде құтқарып қалатын айрықша қабілетің болуы тиіс.

Жақсы дос табу, жақсы орта таңдау – жастар үшін өте маңызды шешім. Өйткені адам баласы ортасы арқылы өседі, досының себепкерлігімен көптеген жетістіктерге жетеді. Алла жолында дос болудың маңызы жайлы қасиетті кітабымыз Құранда былай делінген: «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және де шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят). Шыншылдар дегеніміз – мүміндердің арасындағы таңдаулы жандар. Алла Тағала олар туралы былай деген: «Мүміндердің арасында Аллаға берген уәделерін шындыққа шығарған нағыз ерлер бар» («Әхзаб» сүресі, 23-аят).

Тағы бір аятта: «Бір Алланың ғана разылығын қалап, Раббыларына ертелі-кеш дұға жасап, жалбарынатын мүміндермен бірге болуда барынша сабырлы болып табандылық таныт. Қу тіршіліктің сән-салтанатына аңсарың ауып, әлгі адамдардан көз жазып қалма. Бізді еске алмайтындай етіп өзіміз қаперсіз еткен, нәпсінің қалауына ерген әрі бүкіл ісі шектен шыққан әлдекімге ерме» («Кәһф» сүресі сүресі, 28-аят) делінген. Бұл аяттан жаман адамға ермеу қажеттігін жақсы түсінеміз.

Жаратқан Жаббар Хақтан уахи түскенде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасы қырықта болатын. Ал насихатына еріп, иманға келгендердің басым бөлігі жастар еді.
Жалпы дінді насихаттаған кезде де Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жастардың орнын ерекше бағалаған. Бір хадисінде балалығын байсалдылыққа жеңдіріп, ақыл тоқтатып, имандылық жолында ерте есейгендерді ең қайырлы жас деп сипаттайды.

Риуаят бойынша, Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) өзінің халифалығы кезінде қандай да бір қиын мәселе сөз болғанда жастардан арнайы пікір сұрайды екен. Өйткені олардың ойлары жүйрік, зерек болады деп тұжырымдаған.

Жиырмасыншы ғасырдың бас шенінде ерекше белсенділігімен тарих сахнасына шыққан қазақ зиялыларының да басым бөлігі жастар болатын. Олар ғасырлар бойы бодандықта болып келген елдің мешеу жайына жайбарақат қарап отыра алмай, біліммен қаруланып, азаттық үшін күрестерін бастап кетті. Ел-жұртты, оның ішінде жастарды жаңа заманға бейімделіп, дербес ел болудың қамын ойлауға шақырды. Нәтижесінде, әр жерде қазақ жастарының ұйымдары құрыла бастады.

Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы бір сөзінде: «Біздің қоғам еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертуі керек. Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн. Өкінішке қарай жастарымыз әп-сәтте байып кеткісі келеді. Олардың лотереяға, бәс тігуге және букмекер агенттіктеріне жаппай әуестігінің себебі осында», – деп атап өткен болатын.

Жастық шақ – талайлар қайта айналып барсам деп армандаған, бір минутын болса да қайтарып берсе деп қиялдаған алтын кезең. Ғалымдар жастық шақты тәуліктің сәске уақытына ұқсатады екен. Сәске уақытында күн қаншалықты қызып, жер бетіне шуағын мейлінше төгетіні секілді жастық шақ – тау қопарып, елдің жүгін арқалайтын уақыт. Сондықтан алтын уақытын босқа өткізбей, бойдағы
күш пен жігерді елдің игілігіне сарп еткен ғана ұтады, мұратына жетеді.

Алла Тағала жастарымызға иман байлығын нәсіп етіп, еліміз бен жерімізге қызмет ететін өскелең ұрпақтың қатарын арттырғай. Әмин!

«Иман» журналы, 2025 жыл