Өмір – Алланың аманаты
Күллі мадақ пен мақтау – жаратылысты жоқтан бар еткен, аса қамқор, ерекше мейірімді, қиямет күнінің иесі – Ұлы Жаратушы Алла Тағалаға тән!
Он сегіз мың ғаламның сардары, адамзаттың асыл тәжі болған Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Құрметті оқырман қауым!
Субханаллаһтың қалауымен сіздермен өз ой-пікірімді, өмірлік тәжірибем мен ғалымдар мен психиатрлардың тұжырымдарын және Ислам дінінің өзін-өзі өлтіруге бейім адамның әрекеті туралы ұстанымын ортаға салуды жөн көріп отырмын. Бұл – ежелден бері келе жатқан, бүгінге дейін өзекті күрделі мәселе.
Халықаралық көрсеткіштерге сүйенсек, Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша әлем елдерінің алғашқы бестігіне кіреді. Ал Орта Азия елдерінің ішінде бірінші орында тұрмыз. Елімізде әрбір жүз мың адамның шамамен 53-і өз өмірін өз қолымен қияды екен. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан суицид саны бойынша әлемде үшінші орында, ал қыз балалар арасындағы өлім-жітім бойынша бірінші орынға шығып отыр.
Өзіне қол салу әрекеті – адамның өз өмірін саналы түрде қиюға бағытталған, бірақ өліммен аяқталмаған іс-әрекет.
Аяқталған суицид – нақты өлімге әкеліп соққан әрекет болып саналады.
Суицидке көбіне рухани әлсіз, психологиялық тұрғыдан тұрақсыз адамдар бейім келеді. Күнделікті күйзеліс, өмірлік қиындықтар да өз-өзіне қол жұмсауға түрткі болуы мүмкін.
Суицидтік ниет – адамның өз түпкі ойына ерік қосылып, нақты әрекетке көшуге дайындық кезеңі.
Өзін-өзі өлтіру әрекеті үш түрге бөлінеді:
-
Шынайы суицид – адам өмірден түңіліп, өмір сүрудің мәнін жоғалтып, шынайы түрде өз-өзіне қол салғысы келеді.
-
Демонстративтік суицид – адамның шын өлгісі келмейді, тек өз проблемасына назар аудартқысы келеді, көмек сұраудың бір түрі.
-
Жасырын суицид – сырттай қарағанда нақты өзін-өзі өлтіру белгілері байқалмайтын, бірақ қауіпті мінез-құлыққа ие әрекет түрі.
Ғалымдардың пікірінше:
Суицид туралы ойлайтын адамдар өмір мен өлім арасында қарама-қайшы сезімдерге тап болып, азаптан құтылудың жолын іздейді. Мұндай әрекет көбінесе бір сәттік эмоция әсерінен жасалады. Кейде адам кейін өмір сүргісі келсе де, шешімін қайтаруға үлгермей қалады.
Суицидтің алдын алудың ең тиімді жолы – психологиялық қолдау көрсету. Өзін-өзі өлтіруге бейім адамдардың басым бөлігі психикалық аурумен ауырмайды. Ал шын мәнінде ауыр дертке шалдыққан адамдардың көбі өмірден үмітін үзбейді.
Сондықтан суицидтік дағдарыс кезінде психологиялық стресс, созылмалы ауру, зорлық-зомбылық тәжірибесі, әлеуметтік оқшаулану сияқты факторларды ескеру қажет.
Қауіпті белгілер:
-
Көңіл-күйдің күрт өзгеруі;
-
Адамдармен қарым-қатынастан бас тарту;
-
«Мен өлсем ешкім өкінбейді», «Өмір сүрудің мәні қалмады» сияқты сөздерді айту;
-
Өзін-өзі өлтіру жолдарын іздеу;
-
Жақындарымен қоштасу, бағалы заттарын тарату.
Кімдер тәуекел тобында:
-
Психологиялық күйзеліске немесе депрессияға ұшырағандар;
-
Әлеуметтік тұрғыдан оқшауланған адамдар;
-
Алкоголь немесе есірткіге тәуелділер;
-
Созылмалы аурумен немесе ауыр сырқатпен күресіп жүргендер;
-
Зорлық-зомбылық немесе ауыр психологиялық жарақат алғандар.
Не істеуге болады:
-
Суицидке бейім адаммен сабырмен сөйлесіңіз, оны тыңдауға дайын екеніңізді білдіріңіз;
-
Оған медициналық немесе әлеуметтік көмек сұрауға кеңес беріңіз, қажет болса, онымен бірге баруды ұсыныңыз;
-
Егер адамға нақты қауіп төніп тұр деп ойласаңыз, оны жалғыз қалдырмаңыз;
-
Төтенше қызметке, жедел жәрдем желісіне немесе туыстарына дереу хабарласыңыз;
-
Адамның жағдайын қадағалап, жиі байланыста болыңыз.
Құрметті оқырман!
Суицид – Ислам діні бойынша ауыр күнә. Құран мен хадистерде мұндай әрекетке қатаң тыйым салынған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:
«Ешбірің өлімді аңсамасын, ажалы келмейінше өлім тілеп дұға жасамасын. Өйткені өліп кетсе, істері тоқтап қалады. Расында мүміннің ұзақ ғұмыр кешуі – оның тек жақсылығын арттырады» (хадис).
Қараой ауылы,
Омарбек мешітінің наиб имамы
Әлімбаев Қабылтай қажы Түркпенбайұлы