СӘРЕСІНЕ ҰЙЫҚТАП ҚАЛҒАН АДАМ НЕ ІСТЕЙДІ?

СӘРЕСІНЕ ҰЙЫҚТАП ҚАЛҒАН АДАМ НЕ ІСТЕЙДІ?

 

Рамазан айында сәресіне ұйықтап қалған адам оянып, аз болса да, бірер нәрсе жеп-ішіп, оразаны ниет етемін десе, ниеті де, сол күні ұстайтын оразасы да дұрыс болмайды. Рамазан айында сәресіне ұйықтап қалған адам оянғанда оразаны бұзатын, яғни жеп-ішу, жыныстық қатынас секілді істерді тоқтатып, осы күннің оразасын тұтуды ниет етеді. Тал түске дейін ниет етуге болады.

Сәләма есімді сахабадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Асләм тайпасынан бір кісіге былай бұйырды: «Адамдарға жарияла, кім де кім бүгін тамақ ішкен болса, күннің қалған бөлігінде жемесін. Кім де кім ешнәрсе жемеген болса, ораза тұтсын. Өйткені бүгін – Ашура күні»1. Бұл хадисте Рамазан оразасы Ашура күніне қияс етілген (салыстырып қаралған). Себебі Исламның алғашқы уақытында Ашура оразасы парыз болған еді.2

Имам Тахауи: «Бұл хадисте белгілі бір күнде ораза тұтуы қажет адам түнде ниет етпеген болса, оның күндіз ниет етуі дұрыс екеніне дәлел бар», – деген. Сондай-ақ таң атқаннан кейін оразаны бұзатын істер жасалмаса, оның зауалға (күн ауғанға) дейін ниет етуі дұрыс болып есептеледі. Егер таң атқаннан кейін әдейі немесе ұмытып тамақ, су ішсенемесе жыныстық қатынас жасаса, бұдан кейін оның сол күнгі оразаға ниет етуі дұрыс болмайды.3

Демек Рамазан айында сәресіне ұйықтап қалған адам оянған кезде ешнәрсе жемей, ішпей ораза ұстауды ниет етіп, әрі қарай оразасын ұстауы міндет болады.

 

 

                                                                     Абдыжапаров Сабит Ақылұлы       

                                                                 Алматы аймағының өкілдігінің

                                                                 пәтуаға жауапты маманы.

 

 

1 Бұхари, Мүслим

2 Иғлаус-сүнән

3 Фәтәуа Һиндия, Шарх Тахауи