ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ АНАСЫ

Оның толық есімі – Әмина бинт Уаһб ибн Абдуманап ибн Зуһра ибн Килаб ибн Мурра әз-Зуһрия әл-Құрайшия.

Тегі мен тәрбиесі. Әмина бинт Уаһб Құрайыш тайпасының ең ардақты әулеттерінің бірі – Бәни Зуһрадан шыққан. Әкесі Уаһб ибн Абдуманап өз қауымында беделді, абыройлы тұлға болса, анасы Барра бинт Абдулұзза да асыл текті, тәрбиелі әулеттен шыққан еді. Осындай өнегелі отбасында өскен Әмина ар-намысты, мінезі көркем, әдебі кемел жан болып қалыптасты.

Құрайыш қауымы арасында ол тектілігі мен көркем әдебі үшін «Зуһрату Құрайыш» – «Құрайыштың гүлі» деген құрметті атпен танылды. Ибалылығы мен ұяты көпшілік көзінен сақтап, ерекше құрметке бөленді.

Берекелі неке, ауыр тағдыр. Абраханың Қағбаға жасаған шабуылынан бірнеше ай бұрын, Абдулмутталиб сүйікті ұлы Абдуллаға Құрайыш көсемдерінің бірі Уәһб ибн Абдуманапқа барып, қызын айттырып алады. Осылайша Құрайыш ішіндегі екі асыл әулет құда болып, Алланың қалауымен берекелі неке жүзеге асады.

Алайда бұл бақыт ұзаққа созылмады. Абдулла сауда жасау мақсатымен Шам еліне аттанып, қайтар жолында Ясрибте (Мәдинада) ауырып, жиырма бес жасында дүниеден өтті. Оны нағашылары Бәну Адий ибн ән-Нәжжәр Мәдина қаласында жерледі. Абдулла қайтыс болған кезде жұбайы Әмина бинт Уәһб Алла елшісіне жүкті еді. Әмина анамыз күйеуімен бірнеше ай ғана отасып, құрсағында шаранамен жесір қалды. Оның жалғыз жұбанышы – бүкіл әлемдерге рақым етіп жіберілетін Алланың соңғы Елшісі еді.

Жүктілік және босануы. Әмина анамыз жүктілік кезеңін жеңіл өткерді. Өзге аяғы ауыр әйелдер жиі сезінетін ауырсыну, жерік болу сияқты белгілерді бастан өткізбеді. Риуаяттарда айтылғандай, ол Пайғамбарға жүкті болған кезде оған: «Сен бұл үмметтің мырзасына жүкті болдың. Ол дүниеге келген сәтте: «Оны әрбір қызғаныш иесінің жамандығынан Бір Аллаға сыйынамын» деп айт, кейін оған Мұхаммед деп ат қой», – делінгені айтылады.

Әмина Мұхаммед ибн Абдулланы Әбу Тәліптің шатқалында дүниеге әкелді. Оның босануына Абдуррахман ибн Ауфтың анасы Шифа жәрдемдесті. Әмина анамыз оның туған сәтінде өзінен бір нұр шыққанын, сол нұрдың Шам аймағындағы сарайларды жарықтандырғанын көргенін айтқан. Бұл – болашақ пайғамбарлық нұрдың белгісі еді.

Құран Кәрімде есімі тікелей аталмаса да, адамзат тарихында өшпес із қалдырған, «әлем әйелдерінің таңдаулылары» қатарынан орын алатын ардақты аналар бар. Солардың ішінде өзіндік айрықша орны бар, бірегей тұлға, адамзаттың соңғы пайғамбары Мұхаммедтің анасы – Әмина бинт Уаһб.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Піл жылы, дүйсенбі күні, Рабиғуләууәл айында Мекке шаһарында дүниеге келді. Анасы Пайғамбарымызды босанған соң, бұл қуанышты хабарды атасы Әбдімүтәліпке жеткізу үшін сүйінші сұрап адам жібереді. Қуанышты хабарды естіген атасы Әбдімүтәліп немересін Қағбаға апарып, Аллаға шүкіршілік етіп, есімін «Мұхаммед» деп қойды. Бұл есім ол кезде арабтардың арасында кең тарала қоймаған, сирек кездесетін есім еді. Құрайыштықтар Әбдімүтәліптен немересінің атын кім қойдың деп сұрағанда, аспанда да, жерде де мақтаулы болсын деп, атын «Мұхаммед» қойдым деген.

Алла елшісі алғашқы жылдарын сүт анасы Халима әс-Сағдияның қолында өткізді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) анасының жанында көп уақыт болмағанымен, сол қысқа мерзімде Әмина оған ар-намыс, адалдық, сүйіспеншілік және жауапкершілік сияқты ең асыл қасиеттерді бойына сіңіре білді. Сондықтан ол уахи түспей тұрып-ақ, Алланың қорғауында, көркем тәрбие арқылы таза болып өсті. Жетімдігі мен кедейлігі оған кері әсер еткен жоқ. Керісінше, Мекке халқының бәрі оны құрметтеп, жақсы көретін.

Пайғамбарлыққа дейінгі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінде бірде-бір масқара іс, бірде-бір арсыздық орын алмаған. Ол жәһилият дәуірінің лас істерінен бойын аулақ ұстап, жақсы қасиеттерін ғана сақтады. Сол себепті ол ел ішіндегі ең көркем мінезді, ең сабырлы, ең әділ әрі ең сенімді адамға айналды. Халық оны «Әл-Амин» – «Сенімді» деп атайтын.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алты жасқа толған шағында, анасы Әмина бинт Уәһб оны Ясрибке (қазіргі Мәдина) нағашылары Бәни Ади ибн Нажжар әулетін және сонда жерленген әкесі Абдулланың қабірін зиярат ету үшін жолға шығады. Олармен бірге қызметшісі Умму Айман да жолға шығады. Үшеуі екі түйеге мініп, Пайғамбардың әкесі Абдулла ибн Әбдімүтәліптің қабіріне жақын орналасқан Дару ән-Набиғаның үйіне түседі.

Мәдинада шамамен бір ай тұрған соң, Меккеге қайтар жолда Әмина анамыз кенеттен ауырып, Әбуа деген жерде дүниеден өтті. Осылайша Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алты жасында анасынан айырылды.

Әминаны жерлеп болған соң, Умму Айман Пайғамбарымызды алып, Меккеге қайтты. Бұл сәт – адамзат тарихындағы ең ауыр әрі ең мұңды көріністердің бірі еді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келген соң анасының қабірін зиярат еткенде анасына деген сағыныш жүрегін елжіретіп, жылады. Бұл көрініс сахабалардың да жүрегін тебірентіп, олар да қосылып жылады.

Әһлі-сүннет ғалымдары Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы құтылушы топтардан деген. Құранда: «Біз бір пайғамбар жібермейінше ешкімді азаптамаймыз» – делінген.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі: «Мен әрдайым таза әкелердің белінен, пәк аналардың құрсағынан өтіп отырдым», – деген. Бұл сөз Әмина анасының да рухани тазалығына айқын дәлел.

Мәлики мәзһабының ғалымы Ибн Араби: «Пайғамбардың әкесін тозақта деу – Пайғамбарға тіл тигізу», – деп айтқан.

Қорыта айтқанда,
Әмина бинт Уаһб – тарихтағы жай ғана ана емес. Ол – пайғамбарлық нұрды көтерген, адамзаттың соңғы пайғамбарының анасы. Ол ұлын жетімдікпен қарсы алып, өзі де ерте дүние салды. Бірақ сол жетім бала кейін күллі әлемге рақым болып жіберілді.

Әмина – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) анасы – Ислам тарихында ерекше орын алады. Ол басқа ешбір әйелге бұйырмаған, бүкіл әлемдерге рақым етіп жіберілген соңғы Пайғамбарды дүниеге әкелу құрметіне ие болды.

Алла Тағала бізді Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның отбасына деген құрмет пен әдептен айырмасын. Әмин.



Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы, №3, 2026 жыл