ҚОЛЖАЗБАЛАРДА ҰЛТТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ҚАТТАЛҒАН

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

ҚОЛЖАЗБАЛАРДА ҰЛТТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ҚАТТАЛҒАН

 

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау мен мадақ Аллаға тән. Оның Пайғамбары Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын!

Расында көне қолжазбалар мен сирек кітаптар – халықтың тарихи жадын, рухани болмысын және мәдени сабақтастығын сақтап тұрған баға жетпес мұра. Ғасырлар қойнауынан жеткен жазба жәдігерлерде қазақ халқының тарихына, әдебиетіне, тіліне, дініне және дүниетанымына қатысты құнды мәліметтер жинақталған. Бұл мұралар тек өткеннің куәсі ғана емес, сонымен қатар ұлттың рухани дамуын айқындайтын маңызды дереккөздер екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан оларды анықтау, сақтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі саналады.

Қазақ халқының жазба мұраларының едәуір бөлігі әлемнің түрлі мемлекеттеріндегі мұрағаттар мен кітапханаларда сақталса, олардың маңызды бір бөлігі еліміздегі ғылыми және мәдени мекемелер қорларында жинақталған. Солардың ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының байлығымен ерекшеленеді. Қорда араб, парсы және түркі тілдерінде жазылған көптеген қолжазбалар мен көне басылымдар сақталған. Бұл жәдігерлердің басым бөлігін діни-дидактикалық, діни-танымдық және діни-канондық мазмұндағы еңбектер құрайды.

Аталған қолжазбалар мен сирек кітаптар қазақ даласындағы дәстүрлі діни білім беру жүйесінің қалыптасуына, ұлттық діни танымның орнығуына және рухани сабақтастықтың сақталуына елеулі ықпал етті. Олардың қатарында Құран тәпсірі, Пайғамбар хадистерімен қатар «Қисас әл-әнбия», «Салат-и Масғуди», «Миғраж ән-нәби», «Тазкират әл-аулия-йи турки», «Сабат әл-ғажизин», «Шарх-и Сабат әл-ғажизин», «Маслак әл-муттақин» секілді еңбектер бар. Бұл шығармалар ғасырлар бойы дәстүрлі медреселерде оқытылып, қазақ қоғамындағы діни сана мен рухани мәдениеттің қалыптасуына негіз болды.