АДАЛ КӘСІП ЖАСАУ

Өзіміз тіршілік етіп отырған мына өмірде еңбек етудің алар орны ерекше. Жұмыс істеу арқылы адам өзінің және отбасының негізгі қажеттіліктерін (жұмыс, баспана, тамақ, киім т.б.) өтеумен қатар тұлғалық қабілеттерін дамытуға, жаңа дағдыларды меңгеруге және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жағдай туғызады.

Еңбек – қоғамда белсенді рөл атқаруға және оған ел игілігіне үлес қосуға жол ашады. Әлеуметтік орта байланыстарды нығайтуға, адамдарға бір-бірін тануға, өзін шыңдап, ысылып, жетілдіре түсуге мүмкіндік береді. Осы себептерге байланысты еңбек адам өмірінің маңызды бөлігі болып саналады. Сонымен қатар жеке адамның, қоғамның және экономиканың салауатты жұмыс істеуін көптеген аспектілерде қамтамасыз етеді.

Ата-бабамыз таңдаған дәстүрлі дінімізде де еңбек етудің орны ерекше. Ислам діні кәсіппен айналысудың маңыздылығына үлкен мән беріп, мұсылмандарды еңбекпен күн көруге шақырады. Себебі еңбек ету – адамның өзіне, отбасына және қоғамға пайдасын тигізетін әрекет. Ислам еңбек етуді ғибадат ретінде қарастыра отырып, мұсылмандарды адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты ізгі қасиеттерден таймауға шақырады. Ислам діні бойынша, еңбек – материалдық пайда табу ғана емес, Аллаға құлшылық ету, адамгершілік қасиеттерді дамытып, қоғамның игілігіне
үлес қосу мүмкіндігі. Қасиетті Құранның бірнеше аятында еңбек ету туралы айтылады: «Адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Кейін оған еткен еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз соңғы баратын жерің Раббың» («Нәжім» сүресі, 39-42 аяттар). «Намаз өтелген соң, жер жүзіне тараңдар да Алланың мәрхаметінен несібе іздеңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят).

Іргелі өркениеттер мен ірі жетістіктерге адам баласы тынымсыз іздену мен еңбектің нәтижесінде қол жеткізді. Барлық пайғамбарлар белгілі бір кәсіппен айналыса жүріп, тер төкті. Адам (оған Алланың сәлемі болсын) егін егіп диханшылықпен айналысса, Нұх (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың кеме жасағаны баршамызға мәлім. Ыдырыс (оған Алланың сәлемі болсын) тігіншілікті, Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) мал бағуды, Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) темір ұсталығын меңгерген. Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар емшілікпен айналысса, Зәкәрия (оған Алланың сәлемі болсын) ағаш шебері болған. Кезінде өзі де меккеліктердің қойын баққан ардақты Мұхамммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз дұғасында жалқаулықтан, қарызға батудан, кедейлік пен сараңдықтан сақта деп жалбарынған. Көптеген хадистерде адал еңбекпен бейнеттеніп жүрген мүминдерге сүйсіне қарап, кәсіп жасағанда адал несібе іздеуге шақырған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде»; «Кейбір күнәлар бар, оларға намаз, ораза, қажылық та кәффарат бола алмайды. Тек күн көріс қамымен қажымай жұмыс істеу ғана оны жуып-шая алады», «Қара жұмыстан қолы күстеніп немесе шаршап-шалдығып келіп, ұйқыға бас қойған адам кешірімге ие болып, күнәсынан арылады»; «Сенімді әрі адал саудагер ақыретте шейіттермен, сыддықтармен, пайғамбарлармен бірге болады»; «Балашағасын адалынан асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттермен деңгейлес»; «Ешкімге де қол еңбегінен артық ризық бұйырмаған. Дәуіт пайғамбар да өз еңбегімен күн көрген»; «Адал кәсіппен айналысып, содан шаршап ұйықтаған адам күнәлары кешірілген хәлде түнейді», – деген хадистері арқылы үмбетін адал кәсіп істеуге ынталандырған. Бір жолы Сағд ибн Муаз (оған Алла разы болсын) Пайғамбармен жолда кездесіп қалғанда күстеніп кеткен қолын жасырмақ болады. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасын асырау үшін еңбек етіп, қолы содан тілімденген сахабасына сүйсінген және Алла Тағала сондай қолды ұнататынын айтқан.

Бүгінде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен күн көргісі келетіндер, бейнеттетіп, маңдай терін төккісі келмейтіндер көбейгені қынжылтады. Біреудің еңбегінің үстінен жеп, кісі ақысын елемей, бұл дүниеде жазаға тартылып жатқанымен, ондай жандардың ақыреттегі жағдайы өте мүшкіл. Бұқар жырау: «Кісі ақысын көп жеген арам емей немене?!» десе, бабаларымыз «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп Құдайдан тілеген. Ыбырай Алтынсарин «Дүние қалай етсең табылады?» деген әңгімесінде адал еңбек етудің артықшылығын өмірден мысал ретінде келтіреді.

Француз жұртының бір білімді адамы университетте оқып жүргенінде күнде жолда Антон деген тіленшінің отырып, қайыр сұрағанын көретін. Бір күні жолда бір кісі кезігіп, бірге келе жатқанда, қайыршы Антон алдынан шығып, қайыр сұрайды. Сонда қасындағы кісі тоқтап, Антонға былай дейді: «Сенің жұмыс істеуге денсаулығың жарайды. Неге тіленіп жүрсің? Бай болғың келсе, мына ақылымды тыңда...», – деп өзінің басынан кешкен оқиғасын айта бастайды. «Мен де сіңірі шыққан жарлы едім едім, бірақ тіленшілік етпедім. Қала мен қаланың арасында жүріп, қоқыс арасынан, не болмаса жай кісілерден ескі маталарды сұрап жиып жүрдім. Оны қағаз фабрикалаына өткізіп, жиналған азды-көпті ақшаға арбасымен есек сатып алдым.  Арбамен жүріп, ескі-құсқы, жарамсыздау заттарды сатып алып, тиісті орындарға өткізіп, ақша жинай бастадым. Жеті жылда он мың франкка жеткізіп, қағаз фабрикасын аштым. Алдыма нақты жоспар қойып, күні-түні талмай еңбектенудің нәтижесінде ғимараттар сатып ала бастадым. Фабрикамды баламның еншісіне бердім. Оны да жастайынан бос жүрмеуге, еңбектенуге, мал табуға үйреттім. Айтқандарымды орындасаң, сен де бай боласың, Антон», – деп ақыл айтады. Бұл сөздерді естіген соң терең ойға шомады.

Әлгі кісі 1815 жылда Брюсселге аялдап, бір кітап дүкеніне кірсе, иесі баяғы қайыршы Антон болып шығады. Антон әлгі кісінің ақылын тыңдап, тіленшілікті тастап, жұмысқа кіріскен екен. Ақырында сол кісінің айтқаны келіп, адал еңбегімен үлкен жетістікке жеткенін Ыбырай бабамыз үлгі етіп жазған.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168-аят); «Алланың өздеріңе адал әрі таза етіп берген ризығынан жеңдер!» («Мәида» сүресі, 88-аят) деп, әр нәрседе ризықтың адалын таңдауды бұйырған. Кәсіп жасауда да маңдай тер, адал еңбектің алар орны ерекше. Дінімізде арам жолмен мал табуға тыйым салынған.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына оқиғаны сөз етіп, арам табыс тапқан жанның тілегі, дұғасы еш қабыл болмайтынын ескерткен. «Бір кісі қасиетті сапарға шығып, жолда Аллаға қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» – деп дұға жасайды. «Бірақ бұл кісінің ішкені – арам, жегені – арам, кигені – арам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай пенденің дұғасы қайдан қабыл болсын?!» – дейді. Осыны айтқан ардақты Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір сөзінде ақырзаман адамдарын меңзеп: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арам екеніне көңіл бөлмейтін болады», – деп мұңайған.

Иә, кәсібіне, табысына қулық-сұмдық, арамдық араластырмаған жанның жүзі әрқашан жарық болады. Ел-жұрт оның адалдығын көрген сайын тәнті болып, батасын береді, жастарға үлгі етеді. Ал арамдықпен табыс тапқан жан әрқашан қуыстанып жүреді, мазасыз күй кешеді. Ондай жан бір күні болмаса бір күні сол әрекетінің сазайын тартады. Ақыретте де арам табыс табудың есебі ауыр. Ендеше, ешкімге масыл болмай еңбектену, кәсіптің адал түрін таңдау, адал табыспен бала-шағасын асырауды дініміз жоғары бағалап, оны құлшылыққа теңегені бекер емес.