Құран – даналыққа тұнған кітап

Жаратқан құлдарын мейірімге бөлеп, Өзінің Пайғамбары ﷺ арқылы тура жол көрсететін Құранды түсірген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын.  

Ардақты пайғамбарымызға ﷺ пайғамбарлық міндеттелмей тұрған заманға көз салар болсақ, түнекте қалған дәуір мен әділетсіздік, аяусыздықты көреміз. Ең қорқыныштысы, аяусыздықты екі адам бір-біріне ғана жасаған жоқ. Белгілі бір амалдар адамды айуаннан да төмен дәрежеге түсіріп, адамдығын ұмыттырған.

Адамзатқа Құран беріліп жолын айдындатқан кезде адамдар да Құранның жолына түсіп, небір ұлттар мен ұлыстардың ұстазы мұсылмандар бола бастады.

Олар бұл дәрежеге қалай қол жеткізді дер болсақ, өмірдің кез келген қилыс-бұрылысында аяттарды басшылыққа алу арқылы қуаттанды. Әуелі, Құран түсті. Демек, оны жаттап жарысқа түсу үшін емес, аяттарды жылдамдықпен оқу үшін емес я болмаса әдемі әуезін тыңдап қана қою үшін емес. Керісінше, Жаратушының әмірлерін орындап, қағидаларды түсініп, басшылыққа алу үшін.

Ибн Масғұд:

«Біздер он аят жаттар болсақ, оның мағынасын түсініп, соған сәйкес амал етпейінше, келесі аятты жаттауды бастамайтын едік»,- деген. (Тәфсир әт-Табари, 1/80)

Ардақты пайғамбарымыздың ﷺ өзі әуелі өзіне сіңіріп, кейіннен өзгелерге жеткізгені белгілі.

Әйтпегенде Айша анамыз Әз елшінің ﷺ мінезін Құранға баламаған болар еді. Яғни Пайғамбарымыздың ﷺ мінезінен, амалынан, адамдармен мәмілесінен Құран сәулесі төгіліп тұратын болған.

Тіпті Алла Елшісі «көркем мінезді кемелдендіру үшін» келгендігі аян. Олай болса, Құран Кәрімнің Мұхаммед ﷺ пайғамбар арқылы берілуінің мәні – көркем мінез, яғни адамдармен мәміледе, өзіңе, тіпті Алла алдында да кемел мінезді бола білу. Құранның пенделерге берер басты сабағы – ұстамдылық, тәрбие мен әдеп.

Егер қандай да бір мұсылман адам жақындарына дөрекі, мұсылмандар арасында араздық тудырар болса, ол адамның тілі мен қолынан айналасындағыларға қауіп төнер болса ол адамды мұсылман деуге бола ма?

Қасиетті Құранда Хақ Тағала адамға амал етуге, үйренуге, тануға, ашуға бұйыратын аяттар жетерлік. Алла Тағала Өзінің барлығын табиғатта, аспан мен жерде, өзімізде де паш еткен. Сондықтан Алланы еске алудан тосылмау қажет. Пайғамбарымыз ﷺ бен оның сахабаларын дәл осы амал өзгелерден ерекшелеп тұрады. Олар Құран аяттарына ой жүгірткен, амал еткен де әмірлерден тайқып кетпеген.

Алғашқы мұсылмандар уақыттарын талас-тартыс пен философияға емес, көбірек құлшылыққа, Пайғамбар ﷺ сипатына сай қоғамдағы белсенділікке ұмтылатын болған.

Сөз соңында имам Ғазалидың мына сөзін айтқымыз келеді:

«Құран – өміріміздің қозғаушы күшіне, алдыға жетелеуші күшке айналуы тиіс. Оны мұражайлар мен сөрелеге қойып қойып, арасында ішінен бірнеше ғана аят оқып, міндетім орындалды деуге болмайды»

Оқуға ұсынылады