Стамбулда ҚМДБ өкілі Мармара университетінің деканымен кездесті
Түркия Республикасының Стамбул қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркиядағы өкілі Абдурашит Зиядинұлы Мармара университеті Илаһият (теология) факультетінің деканы, профессор, доктор Исмаил Сафа Үстүнмен ресми кездесті.
Кездесу барысында ҚМДБ өкілі факультет деканын қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді. Тараптар екі ел арасындағы діни-рухани және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Ресми кездесуден кейін Абдурашит Зиядинұлы Мармара университетінде Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінен академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жатқан қазақстандық студенттермен жүздесті. Кездесу барысында олардың оқу үдерісімен танысып, алдағы емтихандары мен ғылыми жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар қасиетті Рамазан айының құрметіне студенттерге арнайы ауызашар дастарханы жайылды. Кездесу барысында ҚМДБ өкілі шетелде білім алып жүрген жастарға ел алдындағы жауапкершіліктің жоғары екенін атап өтіп, білімді әрі парасатты маман болудың маңыздылығына тоқталды.