ТЕҢДЕССІЗ УАҚЫТТЫҢ ТӘРБИЕ САБАҚТАРЫ

ЖЕР ЖҮЗІНДЕГІ БАРША МҰСЫЛМАННЫҢ ЖАН ДҮНИЕСІН БІР СӘТТЕ ТЕРБЕЙТІН ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН – ПЕНДЕНІ РУХАНИ БИІККЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ТЕҢДЕССІЗ УАҚЫТ. БҰЛ АЙ – ТЕК АШТЫҚ ПЕН ШӨЛГЕ ТӨЗУ ЕМЕС, БӘЛКИ ЖҮРЕКТІ ТӘРБИЕЛЕП, САНАНЫ СЕРГІТЕТІН, САБЫР МЕН ШҮКІРДІ ӨМІР САЛТЫНА АЙНАЛДЫРАТЫН БЕРЕКЕЛІ МЕЗГІЛ.

РАМАЗАН КҮНДЕРІ ПЕНДЕ МЕН ҰЛЫ ЖАРАТУШЫСЫНЫҢ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС БҰРЫНҒЫДАН ДА БЕКИ ТҮСІП, КӨҢІЛ АЙНАСЫ ТАЗАРЫП, ИМАН НҰРЫ АРТА ТҮСЕТІНІ АНЫҚ. ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ОҒАН АЛЛАНЫҢ САЛАУАТЫ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН) ХАДИСТЕРІНДЕ БАЯН ЕТІЛГЕНДЕЙ, ОСЫ АЙДА АТҚАРЫЛҒАН ӘРБІР ҚАЙЫРЛЫ ІС ҺӘМ ЫҚЫЛАСПЕН ЖАСАЛҒАН ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ САУАБЫ ЕСЕЛЕНІП, ШЫНАЙЫ НИЕТ ИЕЛЕРІ АЛЛАНЫҢ АЙРЫҚША РАҚЫМЫНА КЕНЕЛЕРІ СӨЗСІЗ.

ТАҒЫЛЫМДЫ ҒИБАДАТ

Адамзат тарихының терең қойнауынан бастау алатын ораза ұстау амалы – рухани кемелденуге жетелейтін асыл құндылықтың бірі. Ол сан түрлі өркениеттер мен діни дәстүрлерде тәнге тәртіп беріп қана қоймай, жан дүниені тазартып, ақыл-парасатты жетілдіруге жеткізетін тағылымды ғибадат ретінде орныққан. Асыл дінімізде ораза нәпсіні тежеу арқылы жүректі ізгілікке баулитын, сабыр мен тақуалықты қалыптастырып, адамды өз-өзіне есеп беруге тәрбиелейтін толық рухани мектеп саналады.

Рамазан – адамды кішіпейілділікке, жауапкершілікке, өзін-өзі тануға жетелейтін ерекше рухани сапар, жан мен тәннің үйлесімділігін арттыратын берекелі кезең. Дана халқымыз Рамазан айын ерекше құрметпен қарсы алған. Дін мен дәстүрді өзара үйлестіре білген ата-бабамыз бұл айды береке мен бірліктің, тәрбиенің айы деп білген. Осы руханиятты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өлең жолдарында айқын жеткізеді:

Оразаң отыз күнгі – отыз кісі,
Бес кісі – бес намазың, білемісің.
Жоқ қылып жамандықты жойылтуға,
Бұл арсыз дәнемеге келмес күшің.

Бұл сөздер Рамазан айының әрбір күні, әрбір ғибадаты адам баласының жүрегін тазалап, нәпсіні тәрбиелеп, ізгілік пен жақсылыққа жетелейтінін көркем әрі анық бейнелейді. Қасиетті Рамазан айын лайықты өткізу үшін оның рухани қадір-қасиетін, мән-маңызын және бізге беретін тәлім-тәрбиелік сабақтарын санамызға жеткізу маңызды. Ендеше, қасиетті Рамазанның әр қырын бірге зерделейік.

ЖАРАПАЗАН ЖЫРЫ

Қазақтың рухани болмысымен біте қайнасқан жарапазан айту дәстүрі – қасиетті Рамазан айымен тікелей сабақтасқан қастерлі мұра. Жарапазан – ауыз бекіткен елге қуаныш дарытып, береке мен игілік тілеу, жақсылыққа үндеп, имандылыққа шақыру мақсатында айтылатын тағылымды жыр. Жарапазан арқылы ата-бабамыз жас ұрпақтың жүрегіне Рамазан айының қадір-қасиетін дарытып, сауапқа жетелейтін ізгі амалдарға үндеу тастаған. Бұл дәстүрдің мән-мағынасы мен халық арасындағы орны жөнінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жарапазан – Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді», – деп жазады. Шын мәнінде, жарапазан жыры – асыл дініміз Ислам қазақ жеріне орнығып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен өзектесе өрбіген кезеңнен бастап, ел жадында сақталып, салт-дәстүр жырларының алтын арқауына айналған рухани қазына. Осы қалыптасқан үрдіс халықтың имандылыққа деген шынайы ықыласын, сөз құдіреті арқылы тәрбие берген терең даналығын айқын танытатын рухани көрініс.

Алла тағала қасиетті Құранда:
«Раббыңның әр нығметін шүкірлікпен жадыңда ұста және өзгелерге айтып жүр», – деп бұйырады («Дұха» сүресі, 11-аят).

Бұл аяттан түсетініміз Алланың пендесіне нәсіп еткен игіліктерін жасырмай, шүкірлікпен елге жеткізу, жақсылықты жария ету жайлы айтылған. Жарапазан жырларында айтылатын: «Баймұхамед үмбетіңе жарапазан, Қабыл болсын оразаң ұстаған жан», – деген жолдар арқылы адамзаттың ардақтысы, екі дүниенің шамшырағы болған Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат жолданып, ораза тұтқан үмбетке ақ тілектер арналады. Осы арқылы халық сауаптар еселенетін қасиетті Рамазан айының келгенін сүйіншілеп, оразамен қауышқанын зор қуанышпен жеткізген.

Жарапазанның негізгі мұраты – Рамазан айында елдің рухын көтере жүріп, Ислам дінінің асыл құндылықтарын дәріптеу, жұртты иманға, татулық пен берекені нығайтуға жетелеу. Әсіресе бұл игі дәстүрге жастар мен балалардың белсене қатысуы – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын айқындай түседі. Жарапазан айту арқылы олар имандылыққа бой үйретіп, ізгі сөздің, дұғаның, шүкірліктің мәнін санасына сіңірген. Осылайша жарапазан жыры – ғасырлар қойнауынан жеткен, дін мен дәстүрді тұтастырған, халықтың рухани өмірін байытқан тағылымды мұра ретінде бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпай келеді.

СӘРЕСІ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Сәресі ішу – жай ғана тамақтану емес, береке һәм сауапқа толы қасиетті сәт. Асыл дінімізде сәресін ішу мұстахаб амал ретінде бағаланған. Ислам ғұламалары да бұл жөнінде бірауыздан келіскен.

Себебі Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Сәресі ішіңдер. Өйткені сәресі уақытында ішілген аста береке болады», – деп айтқан (Бұхари, Мүслим).

Қабан жырау да: «Бақыт қайда барасың? Сәресі, сақар ішетін, Хақ жолына түсетін, Сәресі ішуге барамын», – деген.

Сәресі – таңмен таласа тұрып, ниетті жаңғыртатын, жүректі құлшылыққа дайындайтын мезет. Ол адамға күні бойы сабыр мен қуат сыйлап қана қоймай, оразаның даналығын терең сезінуге жол ашады. Сәресіге тұрған жан берекетке бөленіп, күнін Алланы еске алумен бастап, ерекше рухани тыныштыққа кенеледі.

АУЫЗАШАР – САБЫРДЫҢ СЫЙЫ

Күні бойы нәпсісін тізгіндеп, аштық пен шөлге төзген мұсылман адам үшін ауызашар сәті тек ас ішу уақыты емес, бәлки сабырдың тәтті жемісі болары сөзсіз. Бұл мезетте жүрек те, ниет те тазара түседі. Ауыз бекіткен пенде сабыр арқылы өз нәпсісін тәрбиелейді, ал ауызашар болса, сол тәрбиенің Жаратушы тарапынан берілген сыйындай сезіледі. Ауызашар сәтіндегі жасалынған дұға қабыл болып, шүкірлік тілден жүрекке көшеді. Бұл жөнінде екі дүние сардары Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаған адамдар ауыз ашуға асыққан сайын үнемі жақсылықта болады», – деген (Бұхари, Мүслим). Демек күні бойы нәр татпай, құлшылығын өтеген мұсылман баласы алғашқы қуанышқа кенелу сәтіне асыға жетіп, Алланың берген нығметіне шүкір етеді.

ТАРАУЫҚ – ЖАННЫҢ ДЕМАЛЫСЫ

Мұсылманның рухына демалыс сыйлайтын тарауық намазы – тек Рамазан айына тән айрықша құлшылық. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан ғана күтіп, түн намазын (тарауық пен таһажжуд намазын) үзбей оқыса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», – деген сөзін жеткізген (Бұхари, Мүслим). Қазақ қаламгерлері де Рамазан түнінің рухани салмағын терең сезіне білсе керек. Кеш түсе жамағат тарауыққа жиналып, Құран аяттары түн тыныштығын тербеткен сәт халық жадында ерекше орын алған. Осыны суреттей келе Сәбит Мұқанов: «Хатым кешке, тарауық аталатын намазда оқылады», – деп Рамазан түндерінің имани болмысын бір ауыз сөзбен түйіндейді. Сондықтан Рамазанның күндізін оразамен көркемдеп, түнін тарауықпен нұрландыру, пенденің рухани әлемін байытып, жүрек сарайын кіршіксіз күйге жеткізеді. Тарауықта тұрған әрбір сәжде жүрекке тыныштық, көңілге үміт, жан дүниеге ерекше леп әкеледі. Сол себепті Рамазан түндері Жаратқаннан жауған рақым, жанды жаңғыртып, иманды тереңдететін ұлы нығмет екенін ұмытпағанымыз абзал.

Нұрбек ӘУЕСХАНҰЛЫ
ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі
«Мұнара» газеті, 24 ақпан, №4

Оқуға ұсынылады