АЩЫ ӨМІРДЕН, АҚИҚАТ ЖОЛҒА

Адам баласының жүрегі кейде ақиқатты емес, әсерді іздеп жатады. Ал әсерге ерген жүрек ақылдан алыстаса, жол да бұлыңғырланады. Дін - адамның жүрегіне тыныштық, санаға салмақ сыйлауы тиіс еді. Бірақ тарихта талай рет сол діннің атын жамылған адасулар адам тағдырын тәлкекке салғаны рас.

Бұл - сол адасудың ішінен өтіп, қасіреттің қалың түнінен кейін ақиқаттың жарығын көрген ананың жанайқайы.
Сол жанайқай тұтас бір кезеңге таңба болып түскен, мыңдаған жүректі жаралаған қателіктің үнсіз куәгеріндей.

Әңгіме барысында оқырманды үкім емес, тәлкекке түскен тағдыр жайлы сөз күтіп тұр. Айыптау емес, мұнда сабақ бар. Бұл жолдарда бір ананың жүрек сыры арқылы бүгінгі қоғамға үн қатқан ауыр да маңызды ақиқат жатыр. Ендеше сол үнге құлақ түріп, тағдыр тарауын бірге парақтайық. Кейіпкеріміздің жеке өтініші бойынша есім-сойы оқырман назарына ұсынылмады.

Мен намазға 2010 жылы келдім. Діндегі алғашқы қадамым ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі Ханафи мәзһабы аясында басталды. Қазақы ортаға сай киініп, келіндерше орамал тағып, біртіндеп рухани ізденіске бет бұрдым. Ол кезде дін - мен үшін сабыр мен сыпайылыққа, ата-анаға құрмет пен ізгілікке жетелейтін жол еді.

Алайда уақыт өте келе көзқарасым да, киімім де өзгере бастады. Өзімді «тақуалыққа бет алдым» деп ойладым. Бұл өзгеріске сол кездегі жолдасымның ықпалы болды. Ол жиі: «Біз дұрыс емес бағытта кетіп бара жатқан сияқтымыз, айналамдағы бауырлар солай дейді», - деп айтатын.

Сол жылдары орыс тілді, радикалды ұстанымдағы діни ағым өкілдерінің Саид Бурятский, Саситлинский, Ахмад Мединский, Надир абу Холид сынды кісілердің уағыздарын тыңдай бастадық. Эмоцияға құрылған, отты сөздер жүректі тез баурайтын. Ал бізде сол отты суытатын, сүзгіден өткізетін терең діни білім жоқ еді. Ақылдан бұрын сезім жеңді десемде болады.

2014 жылы «ИГИЛ» лаңкестік ұрандарының ықпалымен Сирияға жол тарттық. «Халифат» идеясы барынша насихатталып тұрған шақ еді. Біз мұның бәрін «дін үшін жасалып жатқан әділ күрес» деп қабылдадық. Ашық айтсам, бұл - діндегі соқыр фанатизм екен.

Сирияға құрбыммен бірге кеттім. Ол жақта Ракка қаласында тұрдық. Сол жақтағы көріністер алғашында көңілді алдады, әйелдердің түгел жабық жүруі, «шариғаттық өмір» деп, көрсетілген бейнелер жүрекке үміт ұялатқандай болды. Бірақ шындық мүлде басқа еді.

Сирияда үлкен мешітке ұқсас орында екі жүзге жуық адамға ақида мен фиқһтан сабақ өтетін. Тунис пен Мысырдан келген, жат ағымды насихаттайтын адамдар дәріс берді. Солардың арасында белгілі радикалды Надир абу Холид, Ахмад Мединский уағызшылардың өздері мен отбасылары да жүретін. Мәссаған, «Олар келіп жатса, демек біз тура жолдамыз» деп таңғалып ойлаған кездерім де аз болмады.

Бір күні Ақида сабағында Мұхаммад ибн Абдулуаһһабтың «діннен шығаратын он нәрсе» атты еңбегі оқытылды. Сонда үшінші тармақты естігенде жүрегім тітіркеніп кетті: «Біреуді кәпір демесең, өзің кәпір боласың» деген сөз жанымды жай таптырмады.

Сонда менің ата-анам намаз оқымаса, оларды кәпір деуім керек пе?, -  деген сауал қойдым. Осы сұрақтан кейін олардың маған деген көзқарастары күрт өзгеріп кетті. Сен «Қазақстанды күпір деп келіп отырған жоқсың ба?», дегенде, жоқ, білім алу үшін келдім  деген жауабым оларды қанағаттандырмады.

Сабақты қайта тапсыртып, емтихан алып, көптің алдында мазақ етіп, кекеткен сәттер де болды. Сол кезде ішкі ар-ұжданым ояна бастады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды дінге көркем етіп шақырса, бұлар неге діннен шығаруға асығады деген ой санамнан кетпеді.

Осы күмәндарымды жолдасыма айтқанда, ол тек: «Үндеме», - деумен шектеліп, осылайша өмірімізді сақтап қалуға тырысып бақты. Расымен де, көп адамдар іштерінен қорқып, өкініп жүрсе де, шындықты айтуға батпайтын. Мінеки, бұл жағдай да жолдасыммен ажырасуымызға себеп болды.

Сирияда жүргенімде ең ауыр қасіретті басымнан кештім. Яғни, ұлымнан айырылдым. Балаларды «медресе» деген атпен алып кететін, ішінде әрі діни, әрі әскери дайындық жүргізілетін орындар бар еді. Ұлым он бес жасында бомбалау кезінде қаза тапты. Шіркін ана мен баланың ажырауы - жүректі жұлып алғанмен теңғой. Бұл қасіретті сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Осылайша еліме қайтуды ұйғардым. Балаларымды алып, өз бетіммен кетуге бел будым. Жанымда тағдырлас жесір әйел бар еді. Олда болса балаларын алып, барлығымыз бірге жолға аттандық. Қыс мезгілі, ақпан айы еді. Жеті күн бойы айдалада жүрдік. Күндіз жылымық, түнде үскірік аяз. Ол кезде аяғым ауыр болатын. Ақыры курдттық жасақтарға жолығып, олардан көмек сұрадық. Олар болса, бізді жылы жерге орналастырды. Таңғаларлығы біз дұшпан деп жүрген адамдар бізге жәрдем берді. Яғни, біздердің күйеулеріміз солармен соғысатын. Оларда бізде мұсылманбызғой, неге бізбен соғысасыздар деп, реніштерін білдіргенде, қатты ұялдым. Сол сәттерде адамгершілік пен мейірімділік діни радикализмнен жоғары тұратынын ұқтым.

Кейін олар бізді әл-Хуль деген лагерге дейін жеткізді. Үш ай бойы сол жерде болдық. Бір күні «қазақтар қайдасыңдар?», деген қатты дауыс естілді. Не болды екен деп, үрейленіп барғанымызда, Қазақстаннан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері келіп, «Жусан-2» операциясымен елге алып кетуге келген екен. Олар барлық мәліметтерімізді жинап, елге оралған соң, заң алдында жауап беретінімізді түсіндіріп ашық айтты. Біз барлығына дайын екенімізді білдірдік. Себебі, туған елдің тыныштығы мен қамқорлығы қандай ұлы нығмет екенін алыста жүріп, қауіп пен үміттің арасында ғана шын түсіндік.

Сол сәтте қазақтың кеңдігі, елдің қамқорлығы жүрегімді елжіретті. «Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған», «бір қазақ құласа, мың қазақ демеу болады», деген сөздер көзіме жас үйірді.

Елге оралып, бір жыл үш ай бостандықта болдым. Қызым өз Отаныңда дүние есігін ашты. Балаларымның барлығына ҚР азаматтығы берілді. Сөйтіп, 2020 жылы қылмыстық іс қозғалып, заң шеңберінде түзеу мекемесіне түстім. Сол кезеңде психологтармен, теологтармен жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп, уақыт өте келе жүрегім сабасына түсті. Бұрын қабылдай алмаған ақиқатқа көзім жетіп, Аллаға шүкір, тәубеме келдім.

Бүгінде бостандықтамын. Балаларымды мектепке апару, ата-анаммен бір дастарқанда отыру бұрын түс секілді көрінетін еді. Қазір сол түс шындыққа айналып, сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Балаларыма жиналып қалған мейірімді беріп жүрмін. Олар да аналарының жанында екенін енді сезіне бастады.

Алдағы арманым оқуымды жалғастыру. Педагогика және психология мамандығында үшінші курста тоқтап қалған білімімді тәмамдағым келеді.

Әрбір қазақ - жалғызым, бауыретім демекші, өзімнен кіші жастарға айтарым біреу, асыл дінімізді біліммен ұстансаңыздар екен. Себебі білімсіз, ақиқатқа жету мүмкін емес. Білімді тек сенімді, дәстүрлі жолдағы имам-ұстаздардан алыңыздар дегім келеді. «Өзімдікі ғана дұрыс» деген ой, үлкен қателікке бастайды.

Бұл - менің өмірімнен өткен ащы, бірақ сабаққа толы жол. Алла баршамызды тура жолдан айырмасын!

 

Ислам МАРАТҰЛЫ,

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы