ТАҚИЯСЫЗ НАМАЗ ОҚУҒА БОЛАДЫ МА?

ТАҚИЯСЫЗ НАМАЗ ОҚУҒА БОЛАДЫ МА?

 

Ер кісіге намазды тақия және сол сияқты бас киім киіп оқу – мұстахап. Ал, имамдыққа шыққан адамның тақиясы болғаны мақұлдырақ. Себебі, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) солай оқыған. Имам Науауи: «Ер кісіге ең жақсы киімін киіп және тақияда намаз оқуы – мұстахап», – деп1 жазған.

Ал, ханафи мазхабы бойынша, жалқаулық себепті бас киімсіз намаз оқу – мәкрүк. Фиқх кітабында намаздағы мәкрүк амалдардың ішінде: «Жалаңбас намаз оқу. Жалқаулық себепті, бас киімсіз оқу», – деп2 көрсетілген.

Міне, сол себепті біздің ата-бабамыз тақиясы мен бөрігін тастамаған. Дей тұрғанмен, тақия киіп оқу – намаздың басты шарттарының бірі емес. Тақиясыз оқылған намаз қате болып саналмайды. Бірақ, тақиямен намаз оқу – жақсы амал, мұстахап. Мұстахап – орындалса сауап жазылатын, ал орындалмаса жаза болмайтын амал.

Намазды жалаңбас оқуды Ханафи ғалымдары мәкрүһ деп санаған. Бұл жайында Ханафи кітаптарында былай делінеді: «Ер кісілердің мүмкіндіктері бола тұра, ерініп немесе (басына кигенді) ауыр көріп намазды жалаңбас оқулары (жеңіл) мәкрүһ. Өйткені мұнда ықылассыздық бар. Алайда, Алланың алдында өзін төмен санау, Жаратушының алдында әлсіз екендігін білдіру мақсатында жаланбас оқыған болса, мәкрүһ емес. Дегенмен, онда да жалаңбас оқымаған абзал. Өйткені намаз хушуғқа негізделеді (яғни үміт пен қорқыныш сезіміне негізделеді)»3. Ендеше, мүмкіндігінше намазды тақия киіп оқыған абзал. Бірақ, тақиясыз оқыған кісінің де намазы дұрыс.

 

 

                                                                     Абдыжапаров Сабит Ақылұлы       

                                                                 Алматы аймағының өкілдігінің

                                                                 пәтуаға жауапты маманы.

 

 

1 «Раудат Толибин»: 1/288

2 «Дурр Мухтар»: 1/429

3 Шурунбуләли – Имдәдул Фәттах, «Мәкруһатус-сола» 1/390