
ЖҮРЕК – АЛЛАНЫҢ НАЗАРЫ ТҮСЕТІН ЖЕР
Адамның Алла алдында орындауы міндет болған амалдар бар. Осы шариғи міндеттің екі түрі болады. Біріншісі – сыртқы амалдар. Екіншісі – ішкі амалдар. Сыртқы амалдар денемен орындалса, ал ішкі амалдар жүрекпен орындалады. Жүрекпен орындалатын амалдар жайлы ойымызбен бөлісуді жөн көрдік. Өйткені, адамның іші түзелмей, сырты түзелмейді.
Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына сену, әр істе шынайы ықылас таныту, Алланың үкіміне риза болу, шыншылдық, тәуекел ету, т.б. амалдар жүрек ісіне қатысты амалдар.
Жүрек амалына қатысты ең үлкен маңызды мәселе – Аллаға ғана сену және Оған серік қоспау. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Ендеше, кімде-кім Раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, жақсы амалдар жасасын және Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді (ешнәрсені) серік етіп қоспасын...» («Кәхф» сүресі, 110-аят).
Бұған қосымша төмендегі хадисті келтірсек болады: «Иманның жетпістен артық деңгейі бар. Ең жоғарғы дәрежесі – «Алладан басқа тәңір жоқ» деген сөз. Ал ең төменгі дәрежесі – жолда жатқан кедергіні алып тастау. Ұят –иманның бір дәрежесі».
Барлық пайғамбарлар өз қауымын ең әуелі Аллаға сенуге, Оған ешнәрсені серік қоспауға шақырған. Расында, адамның жақсы болуы оның жүрегіне байланысты. Жүрек жақсы болса ол түрлі жасырын дерттен аман болады. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Денеде бір жапырақ ет бар. Егер сол түзелсе, бүкіл дене түзеледі. Ал бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол бір жапырақ ет – жүрек»деген хадисінде үлкен мән жатыр.
Алла елшісі сахабаларына Алла Тағала пенделерінің жүрегіне қарайтынын айтып, былай дейтін: «Шын мәнінде Алла сендердің денелеріңе де, бейнелеріңе де қарамайды. Алла жүректеріңе қарайды».Демек, пенденің сыртқы амалдарының дұрыс болуы жүрегінің түрлі дерттен аман болуына тікелей байланысты.
Алла тыйым салған істерден жүректі аулақ ұстау өте маңызды. Жүрегін таза ұстаған адам ғана екі дүние бақытына бөленеді. Бұған байланысты Алла Тағала Құранда: «Ол күні мал-мүлік те, бала-шаға да пайда бермейді. Тек (күпірлік пен екіжүзділіктен) таза жүрекпен келген жан ғана (азаптан құтылып, мақсатына жетеді)» («Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар) деп ескертеді.
Шын мәнінде Жаратушы Иеміз біздің жасырын және жария болған істерімізден хабардар. Сол үшін Құранда:«Азғындықтардың жария және жасырын түріне жақындаушы болмаңдар» («Әнғам» сүресі, 151-аят) деп ескертілген. Иманның кемел болуы осы дәрежелердің кемел болуымен, жақсы қасиеттерді бойға сіңіру арқылы жүзеге асады. Жүрек дерті адамды құрдымға жетелейді. Ол пенденің жақсы амалдарын жойып жібереді. Алла бізді ондай дерттен сақтасын!