ПАЙҒАМБАР СҮЙГЕН ЖЕМІСТЕР

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолына көз жүгіртсек, ол бұйырған, өсиет еткен, кеңес берген нәрселер мен іс-әрекеттердің дүние-ақыретіміздің біріне немесе екеуіне де пайдалы екенін байқаймыз. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «ас мәзіріндегі» сүйіп жеген жемістерді де тізбектеп қарар болсақ, шетінен пайдалы.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресінде: «Көктен су түсірген де – Алла. Кейіннен сол арқылы әртүрлі өсімдіктер шығардық. Ол өсімдіктен бір жас бұтақ, одан өсіп, бір-бірінің үстіне мінгескен дәндер, масақтар өндіреміз. Құрма ағашынан жеміс толы салбырап тұрған бұтақтар, бұған қоса жүзім, зәйтүн, анар бақшаларын өсіреміз. Бұлардың кейбіреуі бір-біріне ұқсайды, кейбірі ұқсамайды. Алғаш жеміс салғанда және толық піскен кезінде әрқайсысының жемісіне қараңдар. Күмәнсіз, сенетін көпшілік үшін мұнда көптеген дәріс бар», – деп баяндайды. Құранда аталған осы жемістер Пайғамбарымыздың да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіп жеген жемістері қатарынан табылады.

 

ҚҰРМА

«Кешкі асты тастамаңыздар, ештеңе таппасаңыздар, тым болмаса, бір уыс кепкен құрма жеңіздер». Осы секілді құрмаға қатысты хадистер өте көп. Біздің елімізде көбінесе Рамазан айы қарсаңында саудасы қызатын құрма Алла елшісінің заманында да, қазіргі кезде де араб елдерінің тұрмыс-тіршілігінде үлкен маңызға ие. Оның тәннен бөлек, адамның рухани халіне де айтарлықтай пайдасы бар. Мәселен әжуа аталатын ең танымал құрма сорты жөнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Таңертең тұрғанда әжуа құрмасының жетеуін жеген адамға сол күні сиқыр да, у да кеселін тигізе алмайды», – деп әжуа құрмасының емдік әрі рухани пайдасы барын меңзеген (Бұхари). Әрі әжуа құрмасын «Жәннат жемістерінің бірі» деп ерекше атаған.

Құрма – сырқаттың алдын алуға да, ауырып жүргенде емделуге де таптырмас, құрамында протеин, май мен көмірсу қатар жүретін бірден-бір жеміс. Сонымен қатар мидың дұрыс жұмыс істеуіне оң әсерін тигізіп, жүйкені тынықтырады, бауырды тазалайды. Құрма құрамындағы темір қан аздықтың, қатерлі ісіктің алдын алады. Қанттың мөлшері көп болса да (балғын түрінде 60-65 пайыз, кепкен түрінде 75-80 пайыз қант кездеседі) адамды семіртпейді, қартаю процесін баяулатады. Айта берсек, пайдасы көп жемісті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаймаққа батырып, қияр мен қарбызға қосып та жейтін болған. Жаңа піскен құрма мен қарбызды қосып жеуінің себебін: «Жас құрманың ыстығын суық қарбыз арқылы, ал қарбыздың суықтығын құрманың ыстығымен қайтарамыз», – деп түсіндірген (Әбу Дәуіт).

 

АНАР

Құран Кәрімде құрмамен қатар айтылған жемістің бірі анар да – Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіп жеген жеміс. Құрма секілді анардың құрамы түрлі дәруменге бай. Әрі ауру атаулының алдын алумен қатар сырқатты емдейтін дәрі ретінде де тұтынуға болады. Анар иммунитетті көтеріп, тұмауға шалдықтырмайды. Жөтелі бар адам оның шырынымен тамағын шайса, тез жазылады. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Біздің Пайғамбарымыз анар дәндерін біртіндеп жейтін. Біз одан: «Неге олай жасайсыз?» – деп сұрағанда: «Жер бетінде бойында бір дәні жәннаттан болмаған бірдебір анар ағашы жоқ. Мен осы дәндердің бірі жәннатық деп үміттенемін», – деп жауап берді» дейді (Табарани). Сондай-ақ Әли ибн Әбу Тәліп (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Анардың қызыл етін жеңіздер, себебі ол асқазанды тазартады», – деген өсиетін жеткізген (Ахмад ибн Ханбал).

Қазіргі таңда анар жемісі мен шырынының маңызы тіпті арта түскен. Өйткені осы заманның ғалымдары дәл осы анардың радиация әсерінен туындайтын ауруларға ем екенін дәлелдеп отыр. Демек күндізтүні телефоны қолынан түспейтін үлкендердің де, жастар мен балалардың да анарды немесе шырынын күнде тұтынуы қажет-ақ. Тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар, сүйегі сынған науқастарға да анардың пайдасы көп. Құрамындағы қабынуға қарсы тұратын зат буын ауруына шалдыққан адамдардың шеміршектері ыдырап кетуін және қан аздықтан сақтайды. Калийдің көптігі қан қысымын төмендетуге оң әсерін тигізеді. ВВС телеарнасының мәліметіне сүйенсек, Лос Анжелестегі Калифорния университетінің зерттеушілері 65-70 жас арасындағы простат ауруына шалдыққан ер адамдардың бір тобын бақылауға алған екен. Олардың барлығы да хирургиялық жолмен немесе лазерлік терапия арқылы простат ауруынан емделуге тырысыпты. Алайда тексеру кезінде байқалған белгілерге қарағанда бұл адамдардың ауруы одан сайын өршіп кеткен. Зерттеушілер ауруға шалдыққан бірнешеуін таңдап алып, оларға күніне белгілі бір мөлшерде анар шырынын ішкізген. Нәтижесінде науқастардағы простат ауруының өршу жылдамдығы анар шырынын ішкеннен кейін айтарлықтай бәсеңдеген. 

 

АЙВА (БЕЖЕ)

Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын) бірде Жәбир ибн Абдулланың Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Тайып қаласынан айва алып келгенін, Алла елшісі айваны қолына алып: «Бұл мұң мен қайғыдан арылтады және жүректі нұрландырады», – деп айтқанын жеткізген. Қышқыл, тұтқыр, тәтті дәмі бар жемістің бұл түрі алмаға ұқсайды. Қазақ тілінде «беже» деген атау берілген. Ас мәзіріне және медициналық мақсатта да қолданылады. Зерттеушілердің дерегі бойынша, таңғажайып айва өсімдігі төрт мың жылдан бері адамзатқа белгілі және отаны Кавказ жері саналады. Уақыт өте келе, кіші Азияға, одан ежелгі Грекияға жетіп, бірте-бірте Жерорта теңізіне тарады. Айва ағашы 70 жылға дейін өмір сүреді, сыртының тым қаттылығы және құрамында темір дәруменінің көптігіне орай халық арасында «темір жемісі» деп те аталады. Құрамында В дәрумендері, эфир майы, таниндер бар, С, Е, РР дәрумендері, фруктоза, пайдалы макро және микроэлементтерге бай, есесіне холестерин жоқ.

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіп жеген бұл жемістің адам денсаулығына пайдасы көп. Калориясының аздығы, талшық, қант пен фруктозаның аз мөлшерде болуына байланысты диеталық жеміс саналады. Дұрыс тамақтану үшін өте қолайлы. Жемісі – жесең ас, жапырағы – дертке шипа. Айваның бактерияға мен жараға қарсы әсері бар. Психикаға жағымды әсер етіп, көңіл-күйді жақсартатын және стресс пен депрессияға пайдалы қасиеті жоғарыда айтылған Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисін қуаттайды. Жеміс құрамындағы антиоксиданттардың арқасында қатерлі ісік ауруының даму қаупі төмендейді. Иммунитетті көтеріп, авитаминоздың (витамин тапшылығы) алдын алады. Тыныс алу жолдары ауруларына ем.

Байқасаңыз, үш жеміс те адам ағзасының барлық тұсына пайдалы. Үшеуі де аурудың алдын алып, сырқаттың сауығып кетуіне көмектеседі. Құрма да, анар мен айваның қасиеті хадистерде қалай баяндалған болса, қазіргі ғылым да дәл солай дәлелдеп отыр. Бұл да ардақты Алла елшісінің пайғамбарлығына айқын дәлел болмақ.