АБАҚТЫДАҒЫ АРПАЛЫС
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылы. Советтік билік жер-жерге қызыл туын тіккен. Сенімді деген өкілін жауапты қызметке тағайындаған елең-алаң шақ. Қазақстанда да дәл осындай асығыс-үсігіс саяси жағдай жүріп жатты. Бұған дейін Алаш Ордасын көтерген қайраткерлердің ішіндегі масштабты тұлғалар – Әлихан Бөкейхан, Айдархан Тұрлыбайұлы, Бақтыкерей Құлманұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы советтік жүйенің көзқарасына сай келмей, саяси аренадан ысырылды. Бүркіттің тұғырына қарға қонған еді.
Бар қазақтың сүйікті ұлы болған арыстардың орнына ата дінін ауыстырып, тегін өзгертіп, большевикке шын пейілмен берілген Әліби Жангелдин (Николай Степнов) сияқты арамыздан шыққан ұрда-жық, саяз пікірлі белсенділер жайғасты. Олардың қолына билік қамшысы тиісімен мұқым халық төбесіне көтеріп құрметтейтін Алаш ардақтыларымен алысты. Донос жазу, Кремльдегі ұлықтарға сыртынан қаралап, жамандау сияқты жиіркенішті қылықтарды көрсетіп жатқан-ды.
Алаштың титандарына түрме, айдау деген не тәйірі?! Бірінші рет көргелі тұрған жер еместін. Патша заманында да Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ағалар әлденеше рет қатын патша Екатерина салдырған түрмелерге қамалған. Туған жерінде тұру хұқынан айырылып, саяси жер аударылған. Сондықтан да оларға түрмеге қамалу үйреншікті, қалыпты жағдай болатын. Ұлты үшін басын қатерге тіккендіктен, кез келген қауіпке моральдық тұрғыдан дайын еді. Өз араларында «түрме», «каторга», «абақты», «жер аудару» дегендер «Барсакелместің командировкасы» атанған-ды.
Алаш арыстарының қай-қайсысы болмасын, иманы күшті, рухты мықты еді. Соған бірер мысал келтірейік. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы аса сабырлы, көркем мінезді мәдениетті кісі болған. Ұстаз туралы жазылған естеліктерді оқып қарасаңыз, оның иманды, ізгі амалды перзент болғанын ұғасыз. Тірі кезінде-ақ бар қазаққа, исі түрік жұртына қадірлі болған тұлға түрмеге түссе де сол сабырлы, байсалды мінезінен таймапты. Маңдайына тиген советтік тағдырдың дойылы да оны жасытпаған, рухын мұқалтпаған. Парасатты жан: «Біреу: жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман, – дейді, біреу: маңайымдағы елім жаман – дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады», – деген. Рас сөз. Өз басынан өткерген анық жағдай. Патшалық биліктің де, советтік кезеңнің де түрмесін көрген, айдалған, қияндағы суық ібір-сібірдің де ауасын жұтып, топырағын басқан.
«Оян, қазақ!» деген бір ауыз сөзімен-ақ тек қазақты ғана емес, бүтін түрік халықтарын рухтандырған Міржақып Дулатұлы да абақтыға қамалды. Сосновецтағы еңбекпен қатаң жазалау лагерінде отырғанда камерадағы түбі бір туысқан ұлыс тумаларынан сұрай отырып, төрт дәптерден тұратын «Қазақша-орысша сөздік» жазған. Міне, түрмеде отырған қайсар жанның ерлікке бара-бар ісі.
Міржақыпты алдыңғы толқын ағалар «Жақаң» деп айрықша лепеспен құрмет тұтқан. Сол Жақаң Соловки лагерінде жүргенде бухгалтерлік курсқа жазылып, есепші мамандығын игереді. Сол мамандықпен бір-екі жыл қызмет етіп, тұрмысы жақсарады. Ақтеңіз ортасындағы Соловки аралының ауасы дымқыл, тұман басып тұрады екен. Күн көзі де көрінбейтін жер екен. Сол тағаны зәй тартып тұратын жерде Жақаңның денсаулығы нашарлап, демікпе дертіне ұшырайды. Лагер жанындағы ауруханада емделіп жатқанда Медвежья Гораға ауыстырылады. Осы жердегі лазеретте шаруашылық жұмыс істей жүріп, лекпом (лекарский помощник-фельдшер) оқуын оқығаны бар. Осы мамандықты игерген соң, түрмедегі бауырларын емдеп, оларға медициналық көмек көрсеткен. Айдауда жүріп те оқып, диплом алып шығуға болатынын көрсететін оқиға.
Міржақыпқа қатысты тағы бір дәйекті дерек – карцерге (жалғыз кісілік бөлме) қамалуы. Жалғыз адамға арналған шағын бөлмеге адамның рухын сындыру үшін және психологиялық жүйке күйзелісіне ұшырату үшін қамайды. Бұл 24/7 режиміне жападан жалғыз қамалған адамды азаптаудың ең сорақы түрі. Ал Жақаң болса мұның амалын тауыпты. Қатып қалған нан қиқымдарын жиып, шахмат ойнап, өзін-өзі дамытыпты. Қызы Гүлнар анамыздың жазғанына сүйенсек, карцерде отырып Алла Тағалаға ғана сеніп, Құран сүрелерін оқып, құлшылық еткен екен. Адам жалғыз қалғанда оны шайтан айналдырып, мазасын алады. Жақаңды ібілістің ілмегіне дұғасы іліндірмеген десек, еш қателеспейміз.
Қазақтың тағы бір оқымыстысы, ағартушы, педагог Біләл Сүлейұлы Халыққа білім беру министрлігінде орынбасар, Ақтөбе және Алматы облысы білім басқармасының басшысы болған, Семей педагогикалық институтының алғашқы ректоры қызметін атқарып жүріп, нақақ жаламен қуғындалып, түрмеге түскенде де уақытын босқа өткізіп, төрт қабырғаға қарап, бекер жатпапты. 1932 жылғы 2 сәуірде әйелі Фатима Ғабитова жазған кезекті бір хатында: «... Абақтыдағы өмірім жаман емес. Қазір менің мәселем қаралып жатыр. Тергеуден босадым. Енді абақты басшыларының балаларына, жұмысшыларға сабақ беріп, ағартушылықпен айналысып жүрмін. Айына шамамен 40-50 рубль табыс табамын. Жақында ағылшын тілін оқып бастадым», – деп жазғаны бар. Пәлі, міне, болашақтан күдерін үзбеген, өз-өзіне сенімді жанның батылдығы. Тас қапаста жатса да дүниетанымын кеңейтуге күш салып, жаңа бір тілді үйреніп, өзін-өзі жетілдіріп жатыр. Біләл негізінде полиглот, бірнеше тілді жетік меңгерген оқыған. Қазақ тілінен бөлек орыс, неміс, татар, түрік тілін жақсы біліп, сол тілдерде емін-еркін жаза білген.
Біздің қазақтың дәулетті, бағлан азаматтары қашанда ұлтына қызмет еткен арыстарды қолдап, қуаттаған. Мәселен, 1908 жылы ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан түрмеге қамалған сұрқия бір жылдардағы дәулетті кісілердің сүйсінерлік ісі бар. «Әлихан 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырды. Қазаққа керек адам. «Абақтыда ауырады» деп Семей Тобықтысы жиылып, күнде абақтыға барып, Әлекеңмен әңгімелесіп, ел адамдары сегіз айды Семейде өткізіп, сегіз күндей-ақ қылды. Тобықты Оразбай баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз апарып, бір бағлан қой сойып, мәжіліс құрып, осындай өмір өткізді» деп жазған Смахан төре.
Ел-жұртының қамын жеп, ақыл-ойын дамытамын, көшін ілгері қадам бастырамын деген мақсаттан басқа арман, тілегі болмаған қазақ оқығандарын сын-сағатта демеп, сүйеп, қымызы мен айран, сүтін, құрт-ірімшігін сәлем-сауқат қылып, жиі-жиі кездесіп, әңгімелескен қалталылар да көп. Олар Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетіне саяси мақала бастырған үшін сотталып, түрмеге қамалғанда ұлт ұстазының денсаулығын ескеріп, алтын басын азапқа салдырмай, биліктің белгілеген бар айыппұлын өтеп, шығарып алған.
Саяси көсем Әлихан түрмеде жатқанда үнемі жолдастарына, идеялас інілеріне жігерлендіру хатын жазып отырған. Қазақтың құлжа сақасы болған Әлиханды Кремльдегілер «Кәрі көсем» деп атаған. Сол «Кәрі көсем» Мәскеудегі үйқамақта отырып-ақ бүтін Қазақстанның саяси-мәдени дамуына үлес қосқан. Бағыт-бағдар берген. Советтік Қазақстан билігіне Алаштың тәрбиесін көрген Нәзір Төреқұлұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы сынды ұлтшыл жастар келіп, ізашар буынның үмітті жолын жалғаған. 1928-1933 жылдары ұлтшыл жастардың да жолы да, арманы да қиылды. Олардың ізіне Сталиннің жақтастары шам ұстап түсті. Ақырында олар да аға толқынның соңынан айдалып, қуғынға ұшырап кетті...
Ұлтшыл жас Жұмахан Күдеріұлынан қалған бір естелік бар ғибратты. Соны мысал етейін. «Бутырка» түрмесінен машинаға салып, теміржол вокзалына алып келеді. Вокзалдан түссек, бізді Бөкейханов күтіп тұр екен. Бәріміз қоршап тұра қалдық. Сол кезде Бөкейханов: «Жігіттер, уақыт аз. Қазір сендерді пойызға салып алып кетеді. Тез әңгімелесіп алайық. Мен сендермен кездесуге әдейілеп ресми рұхсат алып келдім», – деді. Біз әңгімелесе бастаған уақытта Сұлтанбек Қожанов пен Есқараев екеуі келді. Әлекең: «Екі топқа бөлінейік. Айтарларыңды айтып қалыңдар», – деді. Содан Қожановқа бір топ еріп кетті. Біз Әлекеңмен әңгімелесіп қалдық. Сонда Әлекең: «Жігіттер, сендер не үшін сотталып бара жатқандарыңды білесіңдер. Сендерді соттап отырған жүйені де білесіңдер. Ешкімнің алдында кінәларың жоқ! Сендер ел үшін сотталып бара жатқан азаматсыңдар! Мұңаймаңдар! Бастарыңды төмен түсірмеңдер! Алда жақсылық болады», – деп шығарып салды. Біз Воронежға барғанша көңіліміз өсіп, күліп-ойнап бардық». Алаш көсемі Воронеж даласына айдалған оқығандарды осылай жігерлендіріп, рухын көтеріп, намысын жаныған екен. Вагондағылардың жайдары көңіл-күйін көрген НКВД сақшылары ештеңені түсінбепті.
Кутубу Ситтадан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман адам тағдырдың жақсылық-жамандығына, ащы-тұщысына иман етпейінше, иманның дәмін шынайы тата алмайды» делінген-ді. Тар жерде жандары ыстық табада шыжғырылған оқығандардың отбасы, жақын туыстары да қуғындалып, сүргінге ұшыраған. Арыстармен қатар олардың аяулы жарлары да, балалары да сотталып, репрессияланған. АЛЖИР қапасханасына қамалғандардың бірі – Дәмеш Жүргенова. Оның ағасы атақты математика профессоры, Алаш Орда үкіметінің мүшесі Әлімхан Ермек болса, жолдасы Мәдениет министрі болған Темірбек Жүргенұлы болатын. Өзі доктор, медицина маманы. Талайлы тағдыр арқалаған жан. Сол Дәмеш түрмеде жүргенде үнемі Аятүл-Күрсиді оқыпты. Сұлтанбек Қожанұлының әйелі Күләндам Қарағандының түбіндегі Долинка түрмесінде зардап тартты. Оны да тажалдан құтқарған дұғасы еді. Мағжанның Зылиқасы да небір азапқа шыдап, бақты. Қияндағы Карелияға Мағжанын іздеп барған жантұғын. Оның білгені – Фатиха мен Ықылас сүресі екен.
«Елде айып көп шығар. Жұрттың қисығын түзу дей алмаймыз. Бірақ жұртта һалекеттен құтқаруға ойлаған кісі шын ықыласымен жұртқа қызмет етемін деген талапкер жігіт жұрттың әрбір қиындығын көтерсе керек. Жұрттың қорлығына шыдаған кісі жұртқа ие болмай қоймайды. Пайғамбарымыз Мұхаммедті, исламды жұрты ұрды, соқты. Тілімен балағаттады. Ол бәріне шыдады, жеңді. Шыдам – ең күшті қару» деген осы бір мағынасы зор сөз де – Алаш қалам қайраткерлеріне тиесілі мирас. Олар – шыдамды, табанды еді. Тағдырдың ойқыш-ұйқыш, кесе-көлденең келген сызықтарына да кеуделерін тосып, тайсалмай, қасқайып тұрды. Бар бейнет-мехнатты көтерді. Сынбады, мұқалмады. Ізінен ерген жас буынды да жігерлендіріп, олардың да намысын жаныды...
«Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік» деген қайран арыстар ұлт мүддесі үшін күресіп-ақ батты. Коммунистік бағытты таңдаған атеистердің шовинистік қысымы, солақай саясаты әсіресе Қазақстанға ауыр тиді. Ең алдымен ұлттың келбетіне айналған көсемдерін құртты. Сосын сауатты, көзі ашық оқығандарын жұтты. Халықтың әлеуметтік қорғаны болған бай, бағландарды атып, соттап, дүние-мүлкін, байлығын кәмпескеледі. Зұлмат қырғын жасап, халықты қырып, ұжымдастыру саясатын жүргізді. Ең қиыны – халықтың рухани тірегі болған дін қайраткерлерін тамырынан жұлып-ақ тастады. Мешіттер қызылдар кеңсесіне айналды. Ислам құндылығы жойылып, құдайсыз қоғам орнады. Санамызды улады. Бірақ... жанымыз шығуға, деміміз үзілуге шақ қалғанда, Алланың зор сыйы – Азаттық таңы атты. Енді, міне, советтік қоғамның бұрмалаған, жамап-жасырған шындығын ашу үшін әлек болып жүрміз...