
ЖАСТАРДЫҢ ТАНЫМЫН ЖЕТІЛДІРЕТІН КІТАП
Ислам діні бірін-бірі толықтыратын сенім жүйесінен, құқықтық-практикалық нормалар мен моральдық-этикалық құндылықтардан тұратыны белгілі. Бұлар ақида, фиқһ, ахләқ терминдерімен танылған теориялық-методологиялық принциптері қалыптасқан негізгі ғылым салаларын құрайды.
Рухани тазалықтың, ар-ұят пен адалдықтың мызғымас тірегі болған діннің негізгі қызметі – адамның рухани дүниесін жетілдіре отырып, моральдық құндылықтары жоғары қоғам қалыптастыру. Хақ дін адамның жеке өмірі мен отбасылық, қоғамдық өмірін реттейтін әмбебап жүйе болғандықтан, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды ихсанға, көркем мінез-құлыққа негіздейді. Сондықтан адамның ар-намысы мен адамдық қасиеттерін жоғары қойған ислам шариғатының асыл мақсаттары моральдық-этикалық құндылықтарды ерекше бағалайды. Мұсылмандық сенім мен исламдағы құқықтық практикалық нормалар адамды туралыққа, әділдікке, әдептілікке, рухани тазалық пен кемелдікке жетелейді. Бұл қасиеттер ихсан арқылы тағы дамиды, ары қарай көркейе түседі. Діннің осындай жақсылығын, ықпалын адамдарға дұрыс түсіндіріп жеткізе білу, адами құндылықтарды жетілдіруге оларды бағыттай білу қазіргі қоғамға ауадай қажет. Өйткені қазір қоғамда біржақты ойлау, дінді формалық сипатта ғана қабылдау, оның негізгі моральдық мазмұнына үңілмеу белең алып, соның салдарынан бірбеткей топтар пайда болып жатыр. Діннің адалдық, сабырлық, даналық, жақынға жәрдем, мұқтажға көмек көрсету, маңайына мейірімділік, жаны барға жанашырлық таныту секілді, адам атына лайық, затына жарасымды құндылықтарын насихаттау арқылы, адамдар арасында дін туралы дұрыс пікір қалыптастыру маңызды. Себебі адамзаттың бақыты қай ғасырда да тек осы дұрыс сенім әрі ақиқат дін арқылы ғана баянын тапқан. Сол үшін де Абай атамыз айтқандай, «Адамға хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс» дер едік.
«Ихсан» сөзі «жақсылық жасау» және «жасаған істі кемел түрде жүзеге асыру» дегенді білдіреді. Мұсылман адам ең кішкентай істің өзін көркем жасай алатындай ықыласты болу керек. Себебі Алла Тағала жаратқан нәрсесінің әрбірін кемеліне келтіріп, кереметтей етіп жасағанын айтқан. «Сәжде» сүресінің 7-аятындағы ихсан ұғымы осы мағынаны қамтиды. Яғни құлшылықтан бастап, жауапты қызметіңді, қолға алған әр ісіңді ең кәміл деңгейде атқару, Алла Тағаланың әр-Роқиб – Бақылап тұрушы екенін естен шығармау, Естіп, Біліп, Көріп тұрғанын ескеріп, амалыңның бағасы мен марапаты Одан болатынын ойлап істеу.
Құран Кәрімде ихсан ұғымы Аллаға және адамдарға қатысты жетпістен астам аятта айтылып, бұл аяттардың бір бөлігінде «ізгілік істеу», бір бөлігінде «жасаған ісін ең жақсы деңгейде жасау» деген мағыналарда қолданылған. Хадистерде де мағынасы осылай келеді.
Бәрімізге белгілі, мәшһүр хадисте: «Ихсан дегеніміз –Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық жасауың. Өйткені сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр...» – делінеді. Алайда ихсан тек құлшылыққа қатысты әрекеттермен шектелмейді. Дүниеде де, ақыретте де Жаратқанның назарынан тыс қалатын ешнәрсе жоқ болғандықтан, әр сәтте Оның көріп тұрғанын сезініп, үлкен-кіші қай істе болсын өзіңе де, өзгеге де адал болуға үйретеді.