
МӘСІГЕ МӘСИХ ТАРТУДЫҢ ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?
МӘСІГЕ МӘСИХ ТАРТУДЫҢ ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?
Мәсі - аяқтарды тобықтарымен бірге жауып түратын аяқ киімнің бір түрі, оны былғарыдан, шегіреннен, құрамнан тігеді. Мәсінің сыртынан кебіс киіледі. Мәсінің үстіне мәсих тартудың жәйіз болуы үшін қажетті шарттар мыналар:
а) Мәсілер (аяқ жуылып дәрет алынғаннан кейін) киілуі керек.
ә) Мәсілер аяқтың тобықтарын жауап тұруы керек. Тобықтан қысқа мәсілердің үстіне мәсіх тартуға болмайды.
б) Мәсілер он екі мың қадам және одан да көп жол жүруге жарамды болуы керек.
в) Әрбір мәсіде аяқтың кішкентай бармағымен үш бармақ үлкендігіндей жыртық немесе сөгілген жері болмауы керек.
г) Мәсілер аяқта баусыз тұра алатындай қалың болу керек.
ғ) Мәсілер сырттағы суды сіңіріп аяққа өткізбеуі керек.
д) Мәсі киетін адамның қызыл асықтан алдына қарай қолдың кішкентай саусағымен ең кемі үш елі үлкендігіндей аяғы болу керек.
Мәсих тарту үкім жағынан тазалық болып табылады. Мәсих – аяқтың ұшынан жоғары қарай су қолымен сүрту. Дәрет алған кезде мәсілердің үстіне мәсих тарту Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетімен бекітілген амал. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәрет алып, мәсілерінің үстіне мәсих тартқандығы жайында көптеген риуаяттар бар.
Уруа ибн әл-Муғира әкесі Муғира ибн Шуғбадан келген хадисте:
كُنْتُ مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ فِي سَفَرٍ فَأَهْوَيْتُ لِأَنْزِعَ خُفَّيْهِ فَقَالَ دَعْهُمَا فَإِنِّي أدْخَلْتُهُمَا طَاهِرَتَيْنِ فَمَسَحَ عَلَيْهِمَا
«Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарларының бірінде мен оның қасында болған едім. Дәрет алған кезінде мәсілерін шешісуге еңкейе бергенімде: «Ол екеуіне тиіспей-ақ қой! Расында, мен оларды дәретті аяқтарыма кигенмін», - деп, мәсілерінің үстіне мәсих тартқан», - деген1.
Имам Әбу Ханифа: «Маған күннің жарығындай айқын дәлел келгенше, мәсіге мәсих тарту мәселесіне қатысты ешнәрсе айтпаған едім», - деген2.
Абдыжапаров Сабит Ақылұлы
Алматы аймағының өкілдігінің
пәтуаға жауапты маманы.
1 «Сахих әл-Бухари»: 1/52.
2 «әл-Инааяту Шарх әл-Һидаая»: 1/225