
ТАУАФТЫ АРТЫҚ НЕ КЕМ ЖАСАСА НЕ БОЛАДЫ?
Тауаф – араб тілінде зиярат ету, айналу деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы ғибадат ниетімен Қағбаны жеті рет айналу. Құран Кәрімде былай деп бұйырылуда:
وَلْيَطَّوَّفُوا بِالْبَيْتِ الْعَت۪يقِ
«Ең қасиетті, ең көне үй Қағбаны айналып, тауап етсін»[1] Ер адамдар тауапты бастамас бұрын дененің үстіңгі жағына жабылған ақ матаның бір ұшын оң қолтық астынан өткізіп, оң қолды иығымен бірге ашық қалдырады. Тауап біткен соң оң иық жабылады.
Қағба адамның сол жағында болып, Қара тастан айналым басталады. Білетіндер тәкбір, тәһлил, салауат айтады. Олар оқылмаса да тауап дұрыс болады. Ең бастысы, Алла Тағалаға шын жүрекпен бет бұру.
Тауап үзіліссіз жасалады. Тауап кезінде парыз намазы үшін қамат айтылу, дәретті бұзу немесе шаршау және демалу, т.б. жағдайларды қоспағанда тауапты үзуге болмайды. Осындай үзірлі жағдайда тауапты үзіп, кейін қалған жерінен жалғастыруға болады. Тауаптан кейін намаз оқылып дұға жасалынады. Артынша Зәмзәм суын ішу жақсы болады.
Тауаптың алғашқы төрт айналымы парыз, қалған үш айналымы уәжіп болып табылады. Осы үкімге қарай алғаш төрт айналымды орындаған адамның тауапы дұрыс болады. Ал төрт айналымды айналмаған адамның тауапы дұрыс болмайды. Уәжіп болған үш айналымның бірі немесе көбі орындалмаған жағдайда, құрбан шалуы керек болады. Қалған үш мәзһабта жеті айналым парыз болып, барлық айналымдар орындалмаса тауап дұрыс болмайды.
[1] «Хаж» сүресі 29-аят